Кентаудағы №5 жылу энергия орталығының мамандары мерекеге қарамай жұмыс істеп жатыр
Кентау қаласындағы №5 жылу энергия орталығының мамандары жаңа жылдық мерекеге қарамай жұмыс істеп жатыр.
Себебі жылу орталығы қаладағы 14 мың абонентті жылумен қамтамасыз етеді. Оның ішінде әлеуметтік нысандар мен көп қабатты тұрғын үйлер және коммерциялық нысандар бар. Сондықтан мамандар қазандықтарды бір сәтке де қараусыз қалдыруға болмайтынын айтады.
Нұрлан Бердібеков Кентау қаласындағы жылу электр орталығында 10 жылдан бері еңбек етеді. Алғашында электромонтер болып жұмысқа қабылданған ол 2 жылдан кейін техник қызметіне ауысты. Соңғы 8 жылдан бері жылу энергия орталығының ауысым басшысы болып қызмет атқарады. Қазандықтарды бақылау, жұмысшылардың қызметін қадағалау, қаланы үздіксіз жылумен қамту Нұрлан Бердібековтың басты міндеті.
Нұрлан Бердібеков, жылу энергия орталығының ауысым басшысы:
- Біз демалысқа да, мерекеге де қарамаймыз. Жұмысымыз тоқтамайды. Халқымыз жаурамасын қаладағы. күн демей, түн демей жұмыс атқарып жатырмыз. Бізге берілген кесте бойынша қалаға жылу беріп отырмыз. келе жатқан жаңа жыл барлығымызға қуаныш, бақыт әкелсін. Барлық қазақстандықтарды осы жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Бала-шаға, немерелердің қызығын көре берейік!
Бұл коммуналдық кәсіпорындағы жұмысшылардың барлығы Нұрлан Әбдірахманұлының ұқыптылығы мен талапшылдығына тәнті. Сондықтан өздеріне ұстаз санайды. Жүктелген жұмысты мүлтіксіз атқаруға тырысады. Жылу берудің жауапкершілігін сезінгендіктен жаңа жылдан тек жақсылық күтеді.
Қадырхан Сұлтан, қазандық бөлімінің аға машинисі:
- Мен осы қазандық бөліміне аға машинист қызметін атқарамын. Қазіргі таңда бізде төрт қазандық жұмыс істеп тұр. 30 тонна пар беріп тұр. Менің жұмыс осы жерде температурасына, қысымына, қазандықтың жұмысыс қалай жұмыс істеп тұрғанын қадағалау. Бүгінгі келіп жеткен мерекелеріңізбен барлығыңызды құттықтаймыз. Бізге мереке тойлауға уақыт жоқ. Халыққа жылу беру керек.
Нұрлан Әбдірахманұлы қызметкерлерден тек жұмысты ғана талап етпейді. Мереке болғандықтан арасында әріптестерінің көңілін тауып, жаңа жылмен де құттықтап үлгереді.
– Ассалаумағалейкум! Қалайсыңдар? Жаңа жылдарыңмен! Мереке құтты болсын! Жұмыстарың қалай жүріп жатыр?
Гүлзина Ошанова, трубина бөлімінің аға машинисі:
- Жақсы, жақсы! Өзіңізді де жаңа жылыңызбен! Мейрам құтты болсын. Мерекеге қарамай бүгін жұмыстамыз. Көңіл-күйіміз өте керемет. Жұмыс өзіміздің екінші үйіміз сияқты. Халықтың ризашылығына бөленіп жатқанымызға өте қуаныштымыз. Жаңа жылды жақсылап өткізейік. келесі жылы еліміз тыныш, дендеріңіз сау болсын. Жұмысымыз алға басып, шаршамай жұмыс істей берейік.
Кентау жылу орталығы қаладағы 336 көпқабатты тұрғын үй мен жеке секторда орналасқан 2250 жер үйді, 106 бюджеттік мекеме мен 4 мыңдай коммерциялық нысанды жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Жаңа жылда халықты жылумен үздіксіз қамту - біздің басты міндетіміз», – дейді мамандар.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов