БҚО-да республикалық маңызы бар жол қауіпсіздігі басты назарға алынды

Жаңа жыл мерекесін дастарқан басында, дос-жаранның қасында емес, жанұясынан жырақта, жұмыста қарсы алғандар қатарында «ҚазАвтоЖол» кәсіпорнының қызметкерлері де бар.

Батыс Қазақстан облысында өткен түні республикалық маңыздағы жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 52 техника, 60-тан астам қызметкер жұмылыпты.

Жол мұраты - жету. Алыс сапарға шыққан жолаушылардың діттеген жерге тоқталыссыз аман-сау баруына  жол саласындағы мамандардың қосар үлесі қомақты. Өңірде республикалық маңыздағы 1349 шақырым жол болса, өткен түні қолайсыз ауа райына байланысты 52 жол тазалау техникасының моторы сөнбепті, 60 қызметкер көз ілмепті.

Роллан Бектеміров, жол пайдалану кәсіпорнының бастығы:

- Біздің кәсіпорын Самара-Шымкент жолының 135 шақырымын, Орал-Тасқала жолын және Орал-Атырау жолының 65 шақырымын, жалпы алғанда 241 шақырымда қызмет көрсетеміз. Осы жолдарда әдетте 4 техника кезекшілікте болса,  Жаңа жыл түні күшейтілген режимге көштік. Ауа райы құбылмалы. Арқаны кеңге салуға болмайды. 

Жаңа жылды мерекелік дастарханда емес, трактор рөлінде, жолда қарсы алғандардың бірі Қуантай Шонаев. 46 жастағы механизатордың  жолға жауапты кәсіпорынға жұмысқа кіргеніне 17 жыл болыпты. Содан бері мейрамды ұмыттық, - дейді ол.

Қуантай Шонаев, механизатор:

- Жаңа жыл дегенді ұмыттық жұмыс істегелі. 17-18 жылға кетті ғой. Жаңа жылды тойлап көрген жоқпын өз басым. Ол жағын ойлап көрген жоқпын. Үйде семьямен отыратынымыз бар еді. Ол да қалды. Осындай қар болып жатса, жұмысқа шақырып алады. Мен жұмысқа кетіп бара жатқасын қалады. Бес балам бар үйде.

Жол тазалығына жауапты қызметкерлер үшін ең бастысы - жолаушылардың амандығы, сапарлап шыққан көліктердің көздеген жерге есен-сау жетуі. Осы мақсатта олар қысы-жазы, күні-түні бел жазбай еңбек етеді.  Дегенмен жүргізушілердің бәрі бірдей олардың жұмысының маңызын түсіне бермейді екен.

Сәлім Жұбаниязов, автогрейдер операторы:

- Жолаушылар тұрып қалмасын деп, жолын аршып жүреміз, қадағалап ұстап қарын аршып. Камаздар тұзын себеді, біздің артымыздан. Қиын жағдай болады ғо, нағыз бір затор болып қалады. Сол кездері қиын. Көліктер кейбірі түсінбей, тоқта, аршып тастайын дегенін түсіндей, кейбіреулері жүре береді, жол бермейді. Кейбір «затор» болғанда қиын болады. Былай істеп жүрген жұмысымыз ғой.

Батыс Қазақстан облысында республикалық маңыздағы жолдарды күтіп-ұстауға биыл 2,3 миллиард теңге бөлінсе, 25 мың тонна инертті материал дайындалыпты.

Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов