Мереке күндері такси жүргізушілерінің жұмысы қыза түсті
Жаңа жыл түні такси қызметіне жүгінушілердің саны әдеттегіден екі, үш есе көп болды. Қонақтап жүрген жұрттың аяғы саябырсығанша дамыл жоқ.
«Әсіресе, түнгі сағат 00.00-ден аса таңғы 04.00-05.00-ке дейінгі аралықта жұмыс қыза түсті», - дейді такси жүргізушілері. Жаңа жыл түні жолаушы тасымалдаушылар үшін тағы несімен қызықты болды?
Серік Ахметбеков он шақты жылдан бері такси қызметінде жұмыс істейді. Жаңа жыл түнгі ауысымына қашанда мұқият дайындалады. Себебі түн жарымнан ауа дамылсыз шақыртулар басталады.
Серік Ахметбеков, такси жүргізушісі:
- Сағат 11-де үйде болам. Сосын 00.30-да шығам. Сағат 05.00-ке дейін. Соңғы төртінші жаңа жыл солай істеп жатырмын.
Серік жаңа жыл қарсаңында үнемі көлік ішіне түрлі жылтырақ, жарық шамдар іліп, безендіріп қоюды әдетке айналдырған. Мінген адамдар осындай жайлы, сәнді көлік салонына риза болып, сыйлық тарту етеді.
Серік Ахметбеков, такси жүргізушісі:
- Жаңажылдық көңіл-күй сыйлайды осының бәрі. Клиенттер бәрі көңіл-күй көтеріңкі. Бәрі құттықтап жатыр. Апелсин, алма береді.
«Жаңа жыл түні өз басымда ешқашан жолаушымен арада түсінбеушілік, тосын жағдай болған емес», - дейді Серік Ахметбеков. Оның себебін көлікті сәндеп, мерекелік көңіл-күй сыйлай білгенімнің арқасы шығар деп топшылайды. «Ал енді жаңа жыл түні такси жүргізушілері ақшаны көп табады деген сөз шындыққа жанаспайды», - деп отыр.
Серік Ахметбеков, такси жүргізушісі:
- Қазір такси деген жұмыс істейтін адам көп. Сондықтан жаңа жылдың түнінде көп табыс болмайды. Жаңа жылда жұмыс істеуге бір жағынан қызық.
Қаладағы такси қызметінің өкілі де жаңа жыл түнгі тарифінде айтарлықтай өзгеріс болмағандығын, әдеттегі сенбі, жексенбі күнгі баға шамасында ұсталғандығын айтты.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг