Қаңтар оқиғасы кезінде қатарластарын құтқарған сарбазды елі ұмытпайды
Қаңтар оқиғасы кезінде Ұлттық ұлан сарбазы Мадияр Қайсаров ерлікпен қаза тапты.
Ол өз басын қатерге тігіп, қатарлас жауынгерлерін құтқарып қалды.
Бұл бейнекадрда 2022 жылғы 5 қаңтардағы оқиға таспаланған. Қызылорда қаласында алаңға шыққандардың бірі сарбаздарға қарай жүк көлігін бағыттап жібереді. Осы кезде Мадияр Қайсаров әріптестерін құтқаруға ұмтылған. Алайда өзгенің өмірін сақтаймын деп, өзі қаза табады.
Қарағанды
Егер Мадияр осындай ерлік жасамаса, құрбандардың қатары көп болар еді деп еске алады әскер сапында бірге болған досы Александр Эммих.
Александр Эммих М. Қайсаровтың әріптесі:
- Қалың түтін арасынан жүк көлігінің бізге қарай келе жатқанын байқамадық. Мадиярдың әрекеті дұрыс болды деп санаймын. Ол қауіп төнгенін біліп, бізді жан-жақа итере бастады. Алайда сарбаздарды құтқарғанымен өзі үлгіре алмай қалы.
Қызылорда
Мадияр Қайсаров 2002 жылы 29 қаңтарда дүниеге келген. Қарағанды Инновациялық технологиялар колледжін бағдарламашы мамандығы бойынша бітірген. Отан алдындағы борышын Қызылордадағы 55/47 әскери бөлімінде өтіп жүрген болатын. «Ержүрек ердің есімі міңгілік есте қалады»,-дейді әріптестері.
Абылайхан Тұрсынбаев, 5547 әскери бөлімінің батальон командирінің орынбасары:
- Қайсаров Мадияр жас өсіп келе жатқан сарбаздарға ерлігі сабақ ретінде жүргіземіз. Оның ерлігі басқа өскелең ұрпаққа тәрбие ретінде болып келеді. Қазіргі таңда ол Ұлттық ұлан батырларының қатарында, тізімінде мәңгі бақи қалды.
Ерлікпен қаза тапқан сарбаз III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Қызылорда қаласындағы «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылындағы бір үйге Мадияр Қайсаровтың аты берілді.
Мадияр Қайсаров атындағы үйде 6 бала тәрбиеленеді. Мұндағы ұл балалар болашақты әскери қызметкер болуды армандайды. Ұлттық ұландықтар бұл үйге жиі бас сұғып, балаларға сый жасап тұрады екен.
Ақнұрия Жүсіпбекова, «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылы директорының орынбасары:
- Ұлттық ұлан сарбаздарымен бірге, 55/47 әскери бөлімінің қызметкерлерімен бірге біз әртүрлі ұлтжандылыққа тәрбиелейтін, отанды сүюге тәрбиелейтін патриоттық бағыттағы әрттүрлі шараларды бірге атқарып келеміз. Біздің түлектерімз алдағы уақытта осы әскери саланың маманы болғымыз келеді деп мақсат етіп келе жатыр.
Роман Дмитриев, «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушісі:
- Бұл Мадияр үйінен Никита Пожемис деген ағам әскери колледжге түсті. Сол ағаларымызға қарап, әскери саланы таңдағымыз келеді.
Небәрі 19 жасында қыршын кеткен Мадияр Қайсаровтың ерлігін жас сарбаздарға үлгі ету мақсатында түрлі танымдық шара өтеді,-дейді әскери бөлімдегілер. Ерлік ешқашан ұмытылмайды.
Нұрлан Жақыпбеков, Лиана Жамлиханова, Сайран Ақанбаев, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев