Эверест шыңын бағындырған қазақ қыздары
Әлемдегі ең биік Эверест шыңын екі бірдей қазақ қызы бағындырды.
Әуелі Анар Бурашеваның бағы жанса, іле шала Жәмилә Баширова да аспанмен ұштасқан асқар шыңға шықты. Олардың жетістігі жастарды спортпен, соның ішінде альпизммен айналысуға жігерлендіре түсті. Алдағы уақытта қос қазақ қызы жаңа белестерді бағындыруды жоспарлап отыр.
Эверестке шығу әр альпинистің арманы. Осы мақсатқа жету үшін 10 жыл үздіксіз дайындалдым, дейді Анар Бурашева. Эверестке дейін ол көптеген шыңды бағындырып үлгерген. Оның ішінде Альпі тауларындағы Монблан шыңы мен Африкадағы ең биік Килиманджаро тауы бар. Соңғы экспедиция оңайға соқпаған. Басқа елден келгендер қайтып кетуге мәжбүр болған. Ал қазақстандық команда ауа райын дұрыс болжағанның нәтижесінде әлемнің ең биік нүктесіне табан тіреген. Олар Анар Бурашева, Мақсұт Жұмаев және Альмир Қымбатбайұлы болды. Анар болса Эвересті бағындырған алғашқы қазақ қызы атанды.
Анар Бурашева, спортшы-скайраннер:
- Мен бұл жеңісімді барлық қазақ қыздарына және өмірден өткен әкеме арнадым. Қазақ әйелдерінің қолынан бәрі келеді. Бізде күш, жігер, намыс сияқты адами қасиеттер басым деп ойлаймын. Оның үстіне бұл өте қымбат жобалардың қатарынан. Мәселен, бір адамға 40 мың доллардан 60 мың долларға дейін қаражат жұмасалады. Компанияның, демеушілердің туған-туыс, дос- жаранның үмітін ақтауға тырыстым. Экспедиция 45 күнге созылды және штурм 5 күндей болды. 8848 метр биіктікті бағындырдық.
Биыл Эверестке шыққан тағы бір қазақ қызы Жәмилә Баширова. Бірінші рет екпінді жел соғып, шыңды бағындыруға кедергі келтірген. Сол себепті экспедиция қатысушылары кері қайтқан. Алайда бұл жағдай Жәмиләнің сағын сындырмаған. Ол екінші рет шыңды бағындыруға бел буған. Соңғы үш жылда ол Еуропаның ең биік нүктесі Эльбрусты, Оңтүстік Америкадағы Аконкагуа шыңын, сонымен қатар Қырғызстандағы Ленин шыңын бағындырған.
Жәмилә Баширова, альпинист:
- 23 мамырда біздің альпинистер Эверест шыңына шықты. Бұл экспедициядағы әрбір адамның қажымас қайраты мен қажырлы еңбегін көрсетеді. Тауға шығуды пандемия кезінде 2020 жылы бастадым. Кейін сүйікті ісіме айналып кетті. Мен жастарға тауға шығыңдар дер едім. Ол адамға керемет сезім сыйлайды. Өзбасым Алматы маңындағы тауларға шығып бастағам. Алда жоспарым көп. Тоқтап қалмаймын.
Жәмиләнің да, Анардың да мамандығы спорттан алыс. Бірақ тарихта Эверестті 799 әйел бағындырыпты. Анар 800-әйел ретінде тіркелді. Сондай-ақ Анардың биылғы жетістігі КИНэС рекордтар кіабына енді.
Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов