Қаңтар оқиғасында қоғамдық тәртіпті қорғауға атсалысқандар аз болмады
Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге атсалысқан жандар аз болмады. 3 жыл өтсе де, олар бейбіт өмірдің маңызын насихаттап, жас ұрпақты патриоттық сезімге баулуға үлес қосып жүр.
Қаңтар оқиғасы кезінде Ғалымжан Майқанов алаңға шыққандарға басу айтып, халықты тыныштандыруға ұмтылды. Өзі сияқты ауған соғысы ардагерлерімен бірге медициналық жедел жәрдем қызметіне кедергі келтірушілерді сабырға шақырды.
Ғалымжан Майқанов, қалалық Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы:
- Айқай-шу болып жатыр жедел жәрдем көлігінің ішінде. Сөйтсек, жас келіншек босануға кетіп бара жатыр екен. Соны өткізбей тұр жас жігіттер. Сонымен соған араласып, бас-аяғы 2 сағаттай тұрдық осында. Сол аралықта 5-6 көлікті өткіздік қой.
Ғалымжан Майқанов: «Осыдан үш жыл бұрын болған оқиға әлі күнге дейін көз алдымда», – дейді. Айтуынша, көшеге жиналғандардың басым көпшілігі жастар болған. Осындай сын сәтте халық жасағын құрған ол қоғамдық орындарды күзетіп, тыныштықты сақтауға үлес қосты. Себебі митинг мәдениеті қалыптасса ғана ол бітімгершілікпен аяқталып, береке орнайды деген пайымда.
Ғалымжан Майқанов, қалалық Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы:
- Тек жастар болды. Оларды басқаратын адам болмады. Сондықтан осындай жағдайға алып келді. Бұзақылық, ғимараттарды талқандау. Мысалы, сол әкімшіліктің жанындағы «Түркістан сарайы» қирады, «Көрме орталығы» өртенді. Оның бәрі кімдікі? Оның бәрі халықтікі. Халықтың ақшасына тұрғызылған нәрсе. Соны түсінбеді. Қайтадан миллиардтаған ақшаны жұмсап, қайтып жөндеп қоя салды. Кімнің несі кетті?
Сол кезде мәдени ошақтардан бөлек, екі бірдей жедел жәрдем көлігі де бүлінді. Үш медицина қызметкері жарақат алды. Бас дәрігер Гүлнар Құрманбекова антына адал болған мамандарды үлгі етіп, кәсіби қызметін риясыз атқарғандарға алғысын білдіреді.
Гүлнар Құрманбекова, қалалық жәдел жәрдем станциясының бас дәрігері:
- Ол жерге біз тек ер азаматтардың бригадасын сараптадық. Өйткені әйел балаларды жіберу мүмкін емес тұғын. Бізді тоқтатып, жұлқылап, «угрозамен» бригадаларға қиын болды. Сол күні біз өзіміздің антымызды ақтау үшін жұмыс істедік.
Қаңтар оқиғасынан кейін де қоғам тыныштығын қамтамасыз етуге атсалысқан азаматтар белсенділігін жоғалтқан жоқ. Жастарды жақсылыққа шақырып, Қаңтар оқиғасы салдарынан сабақ алуға үндейді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы.