Ақмола облысында мал дәрігерлері жетіспейді
Ел ішінде мал дәрігері жетіспейді, деп хабарлайды 24kz.
Бір ғана Ақмола облысына 90-ға жуық маман қажет.
Әсіресе, шалғай ауылдарда отырған ағайынға қиын. Енді қайтпек керек? Мұның бір шешімі – биылдан бастап ветериналардың жалақасын екі есе көбейеді.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Бұл – аймақтағы мал дәрігерлерін дайындайтын жалғыз оқу орны. Қазір Қатаркөл ауылындағы жоғары ветеринария және биотехнология колледжінде 311 студент оқиды. Соның 208-і мал дәрігері мамандығы бойынша білім алады. Жақында колледж жанынан ветеринариялық кабинет ашылды. Бұл студенттердің теориялық білімдерін практикалық тұрғыда ұштастыруға мүмкіндік береді.
Жарқынбек Өскен, студент:
- Болашақта оқуды бітіріп болғасын осындай клиника ашып, сонда жұмыс жасағым келеді. Үй жануаларыма көмектесіп, мақсаттарыма жету ойда бар.
Жандос Нұржігіт, мұғалім:
- Біздің осы веб кабинетте студенттер практикалық ретінде хирургиялық және ветеринарлық монитормен жұмыс жасау арқылы екі бағытта жұмыс жасалынады. Яғни, хирургиялық ол операция жасау болса, ветеринарлық мониторда. Ол жануарға операция жасау қажет болса жануарлардың жағдайы келе ме, келмей ме, операцияны көтере ала ма, соны анықтап білеміз.
Қазір осы кабинетке жергілікті тұрғындар өздерінің үй жануарларын әкеліп, көрсете алады. Сәйкесінше, ол үшін студенттерге ақысын төлейді. Бұл олардың кәсіби түрде шыңдалуына жол ашады. Жалпы білім ошағының түлектері қазір аймақтағы ірі серіктестіктер мен шаруа қожалықтарында жұмыс істейді. Мәселен, бір ғана Макинск қаласындағы құс фермасын кадрмен толық осы оқу орны қамтып отыр.
Айнұр Жансейтова, Жоғары ветеринария және биотехнология колледжінің директоры:
- Қазір бізде дуалды оқу жүйесі еңгізілген. Нәтижесінде студенттер 40% осында оқыса, 60%-ін кәсіпорындарда өткізеді. Кейін сол жерде қалып, жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады.
Қазір өңірде 700-ден астам мал дәрігері жұмыс істейді. Десе де, әлі 90-ға жуық маман қажет. Сол себепті жауаптылар жыл сайын бос орындар жәрмеңкесіне қатысып тұрады. «Бірақ одан да пайда шамалы», - дейді басқарма басшысы.
Талғат Жүнісов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:
- Астанаға барып, ярмаркаларға қатысамыз, жұмысқа шақырамыз. Бірақ қызығушылық жоқ жастарда. Біз ары қарай магистратурада оқимыз, ғылыми жұмыстармен айналысамыз деген адамдар келгісі келмейді. Ал, кадр мәселесін шешу жағынан алатын болсақ, Қатаркөл колледжі үлкен көмек жасап жатыр.
Мәселенің шешімін табу үшін тиісті басқарма мал дәрігерінің тұрмыстық және қызметтік жағдайын жасауға дайын. Былтырдың өзінде ондаған көлік табысталып,мамандар қажетті компьютер, планшетпен қамтылған. Сондай-ақ осы жылдан бастап мал дәрігерлерінің жалақысын екі есе көбейту жоспарланып отыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко