Бірнеше тілді қатар үйрену үрдісі де қалыпқа еніп келеді

 

5 жастан асқан ел тұрғындарының жартысына жуығы мемлекеттік тілде сөйлейді. Бұл - соңғы ұлттық санақ нәтижесі. Бұдан бөлек көп тілді үйрену үрдісі де қалыпқа еніп келеді. Мәселен елордалық Мөлдір Сұлтанова қыздарына кішкентайынан ағылшын тілін үйретіп жүр. Ең бастысы бүлдіршіндер ана тілінде еркін сөйлейді.

Үш жасар Сафидің алғашқы сөзі ағылшын тілінде шықты. Себебі анасы сәбиінің көптілді болуын о баста қалаған. Тұңғышына да қазақ-ағылшын тілдерін ерте жастан үйретті. Нәтижесіз емес. Мектеп табалдырығын енді аттаған Мерей қазір 3 тілде еркін сөйлейді.

Мерей Сұлтан, оқушы:

- 1 қазақша мультфильм бар, соны көремін. Сосын отбасыммен «Күлдір-бүлдір» деген ағылшынша кино қараймын.

Мөлдір Сұлтанова, ата-ана:

- Негізі екеуі де балабақшаға барғанда қазақ тілінде сөйлейді, қазақ топтарына барып, үлкен қызым орыс тілін меңгеріп алған. Айналасындағы сыныптастарымен қазақ тілінде сөйлеседі. Қазақ тілін жақсы деңгейде біледі. Ағылшын тілі екінші тілдері сияқты. Бірақ оны жақсы деңгейде біледі. Өйткені кітаптарымыз, қарайтын видеоларымыз барлығы екі тілде.

Балаларының тіл үйрену қабілетін жетілдірген ана тәжірибесін қалың көпшілікке үйретіп жүр. Арнайы әдістемесі де бар. Мөлдір Сұлтанова «ағылшын тілін білу – заман талабы», - дейді. Оны ертерек меңгерген баланың көкжиегі кең болады.

Мөлдір Сұлтанова, ата-ана:

- 2 жастан бастап бала тез меңгереді тілдерді. Сол курс бойынша анасы роликтерді қарайды. Мен ол роликтерде өз қыздарыммен ағылшынша сөйлеп, оларға бірнәрсе үйретіп жатамын. Олар дәл соны қайталайды. Балаларға арналған роликтер бар. Ол жерде мен тек сөздер емес, сөз тіркестерін, қарапайым сөйлемдерді үйретемін.

Кейіпкеріміз «мемлекеттік тілді – отбасылық тілге айналдыру қажет», - дейді. Яғни үйде қазақша сөйлесу маңызды. Ал психологтар үшін балалардың көптілді болуы қалыпты құбылыс. Дыбыстық және көру векторы ерекше балғындардың тіл үйренуге икемі зор.

Серіккүл Сали, психолог:

- Көптілді игеретін балалар біздің ортамызда 10 пайыз туылады. Оны 2 психотипке бөлеміз. 5-5 пайыздан. Біреуі көру векторының балалары, біреуі дыбыстық векторының балалары. Бұлардың тілді игеруге деген қабілеттері туабітті бойларына біткен талант. Сол талантын дамыта беретін болса, олар өте жақсы тілді игере алады. Бірақ тілді полиглоттық деңгейде игеретін балалар, бұл дыбыстық вектордың балалары, ал көру векторы бұл сөйлеу құралы ретінде жалпы тілдерді жақсы игере алады.

Яғни баланың психотипін дұрыс тани білу керек. Кішкентайынан саққұлақ, сондай-ақ көзі мөлдір әрі бақырайған бүлдіршіндерді ерте жастан тілге баулуға болады. Ал қабілетті шыңдамаудың кері салдары бар. Серіккүл Сали көп тіл білген баланың ойлауы да жан-жақты боларына сенімді. Тек бұл қабілетті 5-6 жасқа дейін дамыту қажет. Айтпақшы жаһандық зерттеу нәтижесі де осыған саяды. Қазір әлем халқының 70 пайызы 2 не одан да көп тілде сөйлейді екен.

 

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Марат Диханбаев