Шымкентте 2 мың отбасы үйін рәсімдей алмай жүр
Шымкентте 2 мыңнан аса отбасы басыбайлы баспанасын рәсімдей алмай жүр. Олар үй-жайы болса да туысқандарының үйіне тіркелуге мәжбүр. Айтуларынша атадан мұраға калған жеріне мемлекеттік АКТ берілген. Бірақ маңызды құжат бірыңғай базаға енгізілмеген. Тараптарды аймақтағы әріптесім тыңдап қайтты.
Атадан мұра болып қалған үйін заңдастыра алмай жүргендердің бірі - Ділмұрат Төлеметов. Айтуынша жер теліміне мемлекеттік АКТ берілген, алайда деректер базаға енбей қалған. Амал жоқ, қазір бала-шағасы таныстарының үйінде тіркеуде тұр.
Ділмұрат Төлеметов, Сайрам тұрғын үй алабының тұрғыны:
- Қайда баратынымызды білмей тұрмыз. Тіркеу жоқ мысалға. Балаларымызды анда-мұнда тіркейміз. Ол жақтан шығарып жібереді. Тұрақты болмайды. Өзіңнің құжатың болмаған соң, сондай болып тұр бізде.
Қала аумағындағы Сайрам мен Испиджап тұрғын үй алабында осындай 2 мыңға тарта отбасы бар. Халқы тығыз орналасқан бұл аудан бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында болды. Шымкентке жеке дара қала мәртебесі берілгеннен кейін қолда бар құжаттарды заңдастыра алмай қалған. Сөйтіп баспаналар ресми түрде рәсімделмеген.
Хауазмат Төлеметов, Сайрам тұрғын үй алабының тұрғыны:
- Енді бұл мәселе кеше-бүгін көтерілген жоқ. 10 жылдан асып кетті. Оның ішінде қанша әкімдер ауысты. 3-4 рет ауысты. Біз барлығына айтқанбыз. Кеше-бүгін салынған үй емес. Біз нақты оны дәлелдеп бере аламыз.
«Салаға жауаптылардың айтуынша тұрғындардың өзі құжаттарды уақытылы заңдастыруға құлықсыз болған. Сондықтан деректерді қайта көтеріп, оны реттестіру қиынға соққан. Енді бұл мәселе сот тәртібімен ғана реттеледі»,- дейді.
Бақыт Омарханов, Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
- Мониторинг топпен бізде 2 мыңнан көп анықталған үйлер. 400-дей арыз түсті. Ол бойынша басына шығып, егжей-тегжейлі құжатқа сәйкес болса, жер бос болса, біз оған келісім беріп жатырмыз. Олар соттың шешімімен үстіндегі мүлікке жекеншелендіру құқығын шығара алады.
Алайда тұрғындар бұған дейін жеке компаниялардың көмегіне жүгініп көрген. Алдын ала қаржысын да төлеп, алданып қалған жағдайлар болған. Сондықтан әкімдік жанынан арнайы комиссия құрылып, құжаттандыру ісін жылдамдатып шешіп беруді сұрап отыр.