Елімізде мобильді аударымдарға бақылау күшейтілді
Жаңа жылдан бастап елде жеке тұлғалардың мобильді аударымдарына бақылау күшейтілді, деп хабарлайды 24kz.
Қабылданған заңнамалық өзгеріске сәйкес 3 ай қатарынан жеке тұлғаның есепшотына 100 адам ақша аударса, онда ол тексеріске ілігеді. Бұл туралы Кірістер комитетінің өкілдері хабарлады. Жаңа талап кәсіпкерлерге емес, жеке тұлғаларға арналған. Егер дүкен немесе сауда орындарында төлемді банк есепшоты арқылы қабылдамаса, тұтынушылар бірден кірістер департаментіне шағымдана алады. Мұндай заңбұзушылық кезінде кәсіпкерге бірінші ескерту беріледі, кейін бұл әрекеті қайталанса оған 40 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін айыппұл салынады.
Ерсайын Көптілеуұлы, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы:
- Мобильді аударым – бұл көлеңкелі экономиканы анықтау, көлеңкелі бизнес айналысқан бизнесмендерді анықтау. Мобильді аударым бұл жеке тұлғаның өзінің қажеттілігіне арналған кәсіпкерлік қызметке арналмаған. Бірақ бұл салықтандыруға жатпайды. Кәсіпкерлер салық төлеуден жалтару мақсатында мобильді аударымдарды көп пайдаланып кетті. Осы тұлғаларды анықтап, өз кірістерінен салық төлеуге міндеттеу үшін.