Биыл Шымкентте бес өрт сөндіру бекеті салынады
Биыл Шымкентте бес бірдей өрт сөндіру бекетінің құрылысы басталады, деп хабарлайды 24kz.
Ол үшін Елтай, Жаңа талап, Таскен тұрғын алаптары мен Сәуле, Бозарық шағын аудандарынан жер телімдері бөлініп, мердігерлер таңдалған. Тендер талаптарына сәйкес модульді бекеттер жыл соңына қарай қолданысқа берілуі тиіс. Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаментінде айтылды. Аймаққа жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаты Ажар Сағандықова құтқарушылармен тілдесіп, өрт сөндіру депосының материалдық-техникалық базасымен танысты. Сала мамандары 1971 және 86 жылдары салынған ескі өрт сөндіру бөлімдерін күрделі жөндеуден өткізу мәселесін көтеріп, қолдау сұрады. Сонымен қатар гарнизонға тиесілі техникаларды жаңартып, толықтыру қажеттігін айтты.
Бекзат Қамбаров, қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары:
- Біздің гарнизонымызда техникалар саны 99 болып тұр. Нормативтерге сәйкес бізге тағы 30-35 техника жетпей тұр. Сол мәселелер көтерілді және жетіспей тұрған өрт сөндіру бөлімдерін қаржыландыру мәселесі Шымкент қаласы бойынша.
Ажар Сағандықова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз Төтенше жағдайлар министрлігінде реформалау ісі жүріп жатқанын түсінеміз. Азаматтық қорғау саласына қатысты жаңа заңдар қабылданып жатыр. Президент тапсырмасына сәйкес бірнеше бекеттер салынды. Алайда өңірдегі әрбір бастамалар жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан қаржыландырылады. Осы ретте салалық министрлік те материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға, оны толықтыруға қолдау көрсетсе екен деймін.