Көлікті техникалық байқау орталықтарына қойылар нақты талаптар қандай?

Ережеге шекеден қараған жеке және заңды тұлғаларға қанша көлемде айыппұл салынады?

Екінші нарықтағы темір тұлпарды техникалық байқаудан өткізу бірінші кезекте жолдағы қауіпсіздік үшін маңызды. «Бұған ең алдымен жүргізушілердің өзі мүдделі болуы керек», - дейді Көлік министрлігінің өкілдері.

Олардың айтуынша, бұрын орталық ашу үшін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер өңірлік көлік бақылау инспекциясына материалдық-техникалық базаның бар-жоғын көрсетпей-ақ хабарландыру жөнелтсе жеткілікті еді. Бұдан былай бұл процедура инспекция рұқсат берсе ғана қабылданады. Ал орталықты ашуға рұқсат алу үшін материалдық-техникалық базаның барын құжат пен іс жүзінде дәлелдеу керек.

Қанат Қалмағамбетов, ҚР Көлік министрлігінің бас сарапшысы:

- Айыппұлға тоқталатын болсақ, бүгінде 616 бапқа сәйкес кіші, орта және үлкен субъект бойынша 10, 20, 30 АЕК. Бұл айыппұлдардың шамасы 2025 жылы 50, 70, 100 АЕК-ке дейін өседі.

Техникалық байқау орталығы ғимараттарының жеңіл және жүк көліктер бойынша көлемі қандай болуы керек? Сондай-ақ тексеруден өткізу жиілігі қандай болу керек?

Мәселен жүк көліктерді тексеруге арналған техникалық байқау орталықтарының биіктігі 5,5 метрден кем болмауы керек. Ал жеңіл көліктер бойынша ғимарат биіктігі 4 метрден төмен болмауы шарт. Еніне қатысты талап орталықтың қос түріне де ортақ, кем дегенде 3,5 метр болуы қажет.+

Қанат Қалмағамбетов, ҚР Көлік министрлігінің бас сарапшысы:

- Техникалық байқау өтудің мерзімдері бізде бекітілген. Бұл категорияға байланысты. Жеңіл көліктер М1, жүк көліктері мен автобустар бар. Жеңіл автокөліктер жаңа болса, олар 7 жылға дейін техникалық байқаудан өтуге міндетті емес. Жүк көліктері жыл сайын өтіп тұруы керек. Ал автобустар, такси және қауіпті жүк тасымалдайтын көліктер олар 6 ай сайын өтуі керек.

Соңғы 3 жыл ішінде жоғарыда айтылғандай, көлік жүргізушілердің 4 мың техникалық байқау құжаты жалған деп танылды. Олардың күші жойылды. Ал заңбұзушылыққа жол берген операторларға 2022 жылы 370, 2023 жылы 260 және 2024 жылы 277 әкімшілік құқықбұзушылық хаттамасы толтырылды. Сәйкесінше, 2022 жылы 9,5 млн теңге, 2023 жылы 8,6 млн теңге және 2024 жылы 8,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Осыған байланысты Көлік министрлігі жүргізушілер мен операторларды заңға немқұрайлы қарамауға шақырады. «Ал жоғарыда айтылған шаралар нарықтың көлеңкелі тұстарын біршама азайтады», - дейді мамандар.