Жергілікті өнім өндірушілерге басымдық берілуі тиіс – кәсіпкерлер
Мемлекеттік тапсырыс беру және сатып алу кезінде жергілікті өнім өндірушілерге айқын басымдық берілуі керек.
Сол арқылы әрбір облыс, өз жеріндегі кәсіпкерлікті қолдау қажет. Бұл мәселе заңдық тұрғыда бекітілсе, аймақтарда өндіріс өркендейді. Тұрақты жұмыс орындары көбейіп, еңбекпен қамтылғандар саны артады. Жетісу облысында жүрген Мәжіліс депутаттары Болат Керімбек пен Руслан Қожасбаевқа кәсіпкерлер осылай деп, базынасын жеткізді. Әрі шетелден тасымалданатын тауарлар, ішкі нарықтағы жағдайды күрделендіріп тұрғанын айтты. Мәселен қазір азық-түлік өнімдері мен қант зауыттары, кірпіш құятын кәсіпорындардың тауарына сұраныс азайған. Жүзден аса адамға жұмыс беріп отырған кәсіпорын басшысы сапалы өнім өндіргенімен, тендерді жеңіп алған компаниялар құрылыс заттарын сырттан тасымалдайтынын атап өтті.
Болат Керімбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз енді нарықтық экономика байқау арқылы жасау керек деген ереже енгіздік. Бұл енді жиырма жылда өзін өзі ақтамады. Өйткені бәрі арзан, сапасыз бағаға жүгіріп кетті. Сондықтан өңір болған соң өңірдің өз саясаты болу керек. Бізде қолдау шараларын ойластырып көреміз. Облыстық әкімдікпен, кәсіпкерлік басқармасымен, «Атамекенмен». Осы сапардан соң ақылдассақ па деп отырмыз.