Ұлттық Ұлан өз міндетін өтеу жолында от пен судан тайынбайды

Олар отанды қорғайды.

Әскери міндетін өтеу жолында от пен судан тайсалмайды. Талай жанды оттан алып шықты. Суға батып бара жатқандарды құтқарды.

Бұл Ұлттық ұлан сардарлары мен сарбаздары жасаған ерлік істің бір парасы ғана. Мәселен, былтыр Өскеменде патрульдік әскери қызметшілер полицейлерге 160 бұзақыны қолға түсіруге көмектесті. Олардың қатарында қауіпті қылмыскерлер де бар. 

Подполковник Денис Шемет оқу жаттығу кезінде қайғылы оқиғаның алдын алды. Ұландық сарбаздың бірі жауынгерлік гранатаны лақтыра алмай, қол гранатасы оның қасына түскен. Небары 4 секунд ішінде батыл шешім қабылдаған Денис Шемет гранатаны аяғымен теуіп, сарбазды денесімен жауып, аман алып қалды. Бірақ, өзі ауыр жарақат алды. Жанқиярлық пен батылдықтың жарқын үлгісін көрсеткен ол «менің орнымда болса ұлттық ұланның кез келген офицері осындай шешім қабылдайтын еді» дейді. Себебі осыған дейін генерал-майор Қайрат Үмбетов пен полковник Евгений Логин дәл осы Денис секілді сарбаздарға тірі қалқан болған еді.

Денис Шемет, ҚР Ұлттық Ұланы ‘’Шығыс’’ өңірлік қолбасшылығы 3477 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

- Жап-жас сарбаздың өмірі қыл үстінде тұрғанда өзім немесе отбасым жайлы ойлаудың өзі мүмкін болмады. Бар ойым жауынгерді құтқарып қалу болды. айналасы 3-4 секундтың ішінде шешім қабылдауға тура келді.

Осы ерлігі мен 24 жыл мінсіз қызметі үшін Денис Шемет екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Денис қызметте аса қатал. Дегенмен, өзінен шені кіші жауынгерлерге үнемі қолдау білдіріп жүреді дейді әріптестері. 

Ернар Бидірахимов, ҚР Ұлттық Ұланы ‘’Шығыс’’ өңірлік қолбасшылығы 3477 әскери бөлімінің офицері: 

- Біздің штаб бастығымыз подполковник Денис Анатолиевич өте жауапкершілігі мол кісі. Біздің әрбір жеке құрамға жауапкершілікпен қарайды. Жұмысын адал атқарады. 

Адам өмірін сақтап қалған ефрейтор Пермабек Жанасбек ешқашан өзін батыр санап, кеуде керген емес. ол Үлбі өзеніне батып бара жатқан қыз баланы құтқарып қалды. Досымен бірге жағалауда серуендеп жүрген әскери қызметші көмек сұрап айқайлаған дауысты естиді. Еш ойланбастан ағысы қатты өзеннің ортасына дейін жүзіп барып, қызды жағаға алып шықты.  Өрімдей қыз өзенге ағып бара жатқанда өтіп кету мүмкін емес дейді ол. Себебі Пермабектің өзі де 4 баланың әкесі.

Пермабек Жанасбек, ҚР Ұлттық Ұланы ‘’Шығыс’’ өңірлік қолбасшылығы 6699 әскери бөлімінің ефрейторы:

- Ешқандай ол жерде ой болған жоқ мен сөйтіп ойлайм, бүйтіп ерлік болады деген. Ойлайтын да уақыт болған жоқ. Аяқ астынан болды. әп сәтте 2-3 минуттың арасы ғой. Өмір мен өлім арасында. Құтқарып шықтым. Соның арқасы барлығы танып біліп жатыр. Рақмет бәріне.

Ұлттық ұлан офицерлерінің ерлігі олардың жоғары жауапкершілігін, ең қиын сәтте көмекке келуге әрдайым дайын екендіктерін көрсетеді. Бұл әрине әскери қызметшілердің өз міндетіне адалдығының белгісі.

Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов