Қапшағайда мұз үстіндегі қауіпсіздік түсіндірілді
Қапшағайда құтқарушылар мұз үстіндегі қауіпсіздік ережесін түсіндіріп жүр.
Себебі ойықтан балық аулауға құмартқандар қатары күн санап көбейіп жатыр.
Демалыс күндері 3 мыңға жуық балықшы келеді. Көбінің құтқару құралы да жоқ дейді өңірлік төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Қапшағай су қоймасында құтқарушылардың қатысумымен күніне үш рет рейд жүреді. Көл бетінде ойықтан балық аулап отырған әуесқой балықшы көп. Өйткені мұнда қазір Іленің дәмі тіл үйіретін торта балығы қармаққа жақсы түсіп жатыр.
Түнде мұз үстінде қалуға қатаң тыйым салынған. Мұздың қалыңдығы 25 сантиметрден төмен болған жағдайда балықшылар өздерімен бірге құтқару құралдарын алып жүруі тиіс.
Ержан Арыстанов, қалалық ТЖБ Азаматтық қорғаныс тобының аға офицері:
- Ол біріншіден, жилет, свисток, арқан, қалыңдығы 11 милиметрден, ұзындығы 12 метрден кем болмауы керек. Ұялы телефон салғыш суға батпайтын және таяқ дейді ғой ұзындығы 2 метр адамның өзінің салмағын көтеретін. Олар не себепті керек? Біріншіден, адам мұздың астына батқан кезде бұл құтқару құралдары адамды мұздың бетінде судың астына батырмай ұстап тұрады.
Дегенмен, қауіпсіздік ережесін сақтамайтын балықшы көп. Жыл басынан бері құтқару құралдарынсыз және түнгі уақытта балық аулап жүрген 30 азаматқа әкімшілік айыппұл салынды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412 бабы бойынша заң бұзған азаматтар 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды.
Өмірсерік Рахметов, әуесқой балықшы:
- Бұл кісілердің сұраныстары біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету үшін жасалып отыр. Бұл кісілерге рақмет, келген сайын осындай нұсқаулар айтып, беріп отырады. Балығымыз жақсы түсіп жатыр. Құдайға шүкір, қазір мұзымыз қалың, 25 сантиметрдей бар.
Елдос Дөңшебаев, әуесқой балықшы:
- Шамамен 30 мың теңгедей айыппұл салынады деп естуіміз бар. Енді сақтық шараларына келетін болсақ, әр адам мынандай құтқару желеттерімен жүруге міндетті. Кетіп бара жатқан кезде үй ішіне, туысқандарға, жақындарға айтып кеткен дұрыс «осындай жерге кетіп бара жатырмын, осындай уақытта қайтып келемін» деген сияқты ескертулер болуы керек негізі.
Қапшағай су қоймасында 2023 жылдың қысында бір балықшы қаза болды. Былтыр 24 адам құтқарылса, төтеншеліктер биыл 2 баланың өмірін аман алып қалды. Өңірлік төтенше жағдайлар қызметі мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керек екенін ескертеді.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов