Елімізде тұрғын үй құрылысы 10% артты
2029 жылға дейін елде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салынуы тиіс. Мемлекет басшысының пәрмені бұл. Былтыр 18 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, деп хабарлайды 24kz.
Ал құрылысқа 965 млрд теңге бөлінді. Осылайша, 160 мыңнан астам адамның баспаналы болуына мүмкіндік туды.
Бір жылда елдегі құрылыс қарқыны 10%-ке өскен. 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Үкімет аталған секторды одан әрі ынталандыруға бейіл. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, мемлекеттік қаражат есебінен 22 мыңнан астам жалдамалы пәтер сатып алынған. Жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама арқылы 7861 несие берілді. Жалпы тұрғын үй құрылысын ынталандыру үшін 965 млрд теңге бөлінді.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Осал топтарға қолжетімді құралдарды ұсынуға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл мемлекеттік қаражат есебінен 22 мыңнан астам жалдамалы пәтер сатып алу үшін, 336 млрд-қа жуық теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін 165 млрд теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы 10000 астам кредиттік тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.
Құрылыс саласының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 5,6%. Көрсеткішті еселеп, ең бастысы, әлеуметтік баспана санын арттыру үшін жаңа ойыншылар қажет. Экономист Бекнұр Қисықов: «Үй бағасын қолайлы ету үшін тек ірі емес, ұсақ компанияларды да тарту маңызды», - дейді. Өйткені ұсынылып отырған пәтерлердің құны көпшілікке қолжетімді емес. Себебі салада бәсеке жоқ. Ал жыл соңындағы доллардың өсуі бұл нарықты айналып өтпеді. Мамандар баспана бағасы тағы өсетінін болжайды.
Бекнұр Қисықов, экономист:
- Негізі құрылыс индустриясы қазір дамып жатыр, шындықты айту керек. Мүмкін оған кейбір кезде ақша жетіспейтін шығар және геосаяси жағдайлар да әсер етуі мүмкін. Қазір көрші елдерде, мысалы, Ресей арқылы тауар алу қиын болып кетті. Оған да қарау керек. Тек Қазақстанның мүмкіншілігі емес, қасымыздағы Ресей, көрші елдермен қарым қатынастың мүмкіншіліктерін қарау керек. Мысалы тауарды біржақтан алу да қиын.
Қазір «Наурыз», «7-20-25» сияқты тиімді бағдарламалар бар. Соның арқасында болар, желтоқсан айында тұрғын үй нарығындағы сатып алу-сату келісімдері 2,5 жылдағы ең жоғарғы көрсеткішке жеткен. 50 мың құжат рәсімделіпті. Сұраныстың артуына доллардың өсуі де әсер етті. Үй қымбаттай ма деген күдік көпшіліктің белсенділігін арттыра түскендей. Сондай-ақ зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдаланғандар қатары артқан. Десе де, үй құны құрылыс материалдарының бағасына тәуелді. Себебі өзімізде өндіріс жоқтың қасы. Ал сырттан келетін өнімдер доллармен есептеледі.
Лев Тетин, тұрғын үй нарығы бойынша сарапшы:
- Өткен жылда ипотекаға сұраныстың артқанын көрдік. Тұтынушылардың мүмкіндігі осы ғана. «Отбасы банк», басқа да екінші нарықтағы банктердің ұсыныстарына келісуге мәжбүр. Себебі, қолма-қол ақшаға үй алу мүмкін емес.
Ендігі мақсат – құрылыста қолданылатын отандық материалдардың үлесін арттыру. Әзірге 60%-ін импорт қамтиды. Алдағы 5 жылда 200 мыңнан астам құрылысшыға сұраныс туындауы мүмкін. Жауапты министрліктер маман даярлау мәселесіне қазірден қамдануы қажет.
Авторы: Мерей Мұратханқызы