Биыл мемлекеттік сатып алуда қандай өзгерістер бар?

«Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді, деп хабарлайды 24kz.

Құжат тендер өткізу рәсімдерін оңтайландыруға, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдауды көздейді. Конкурстық құжаттаманы талқылау 5 күннен 2 жұмыс күніне, өтінімдерді қабылдау 15 күннен 5 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қарау және қорытындылау 10 күннен 3 жұмыс күніне дейін қысқарды. Сондай-ақ аз мөлшердегі сатып алулар бойынша 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі тауарларды, 500 айлық есептік көрсеткішке дейінгі жұмыстар мен қызметтерді бір көзден алу құқығы енгізілді. Ауыл әкімдіктері үшін бір көзден сатып алудың шекті мөлшері 3000 айлық есептік көрсеткіштен 4000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатында осы санаттағы субъектілерден құны 50 000 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың басым құқығы белгіленді.