Елімізде республикалық маңыздағы жолдардағы апаттар 15%-ке кеміген
Күре жолдарда орташа жылдамдықты өлшейтін жүйе енгізілді.
Ережеге сәйкес I санаттағы жолдарда орташа жылдамдық сағатына 140 шақырымнан аспауға тиіс. Ал II санаттағы жолдарда рұқсат етілген жылдамдық – сағатына 110 шақырым. Тәртіпбұзушылық қалай анықталады?
Әлішер Әли, тілші:
- Орташа жылдамдықты өлшейтін жүйе тек тасжолдарда қолданылады. Ол бейнекамералар арқылы көліктің бір нүктеден екінші нүктеге дейін қанша уақытта жеткенін анықтайды. Кейін автокөліктің осы аралықта қандай жылдамдықпен жүргенін автоматты түрде есептеп, орташа жылдамдығын шығарады. Жүргізуші деттеген жеріне белгіленген уақыттан бұрын барып қойса, жолда жылдамдықты асырған деген сөз.
Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Қазір біз 16 учаскені анықтадық. Жаңа режим осы аралықтарда сынақтан өтіп жатыр. Әзірге ешкімге айыппұл салынған жоқ. Бірақ бір айдың ішінде орташа жылдамдықты асырған 500-ден астам дерек тіркелді.
1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш мөлшері 240 теңгеге өсіп, 3932 теңге болды. Мұның жақсы жағы – жәрдемақы мен зейнетақы көлемі де өседі. Дегенмен, айыппұл көлемі де осы айлық есептік көрсеткіш сомасына қарай ұлғаяды. Жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл сомасы қаншалықты артты?
Жол ережесін бұзғанда салынатын айыппұл сомасы 6%-тен аса өсті.
Мәселен, биыл белгіленген межеден 20 шақырым сағатқа асырғандарға 19 660 теңге айыппұл қарастырылған. Сол сияқты 40 шақырым сағатқа дейін жылдамдық асырғандар 39 320 теңге төлейді. Сағатына 40 шақырымнан асыра қатты жүргендер 78 640 теңге шығынданады. Сондай-ақ жүргізуші куәлігі жоқ болса да, көлік жүргізгендерге 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл белгіленген. Жол белгілерін немесе жолақтарды елемей, басып өткендерге 11 796 теңге айыппұл салынады. Бағдаршамның қызыл шамына өтіп кеткендер алғашында 39 320 теңге төлейді. Ал тәртіпбұзушылықты қайталаса, 58 980 теңге шығындануға мәжбүр болады.
Көлікті тиісті емес жерде 5 минуттан артық қыздырғандар қанша айыппұл арқалайды?
Қозғалтқышы қосулы тұрған көліктер тұрғындарға қолайсыздық тудырса, көлік иесіне 19 660 теңге айыппұл салынады. Егер заңбұзушылықты 12 ай ішінде тағы қайталаса 39 320 теңге төлейді. Ал айыппұл салу үшін мемлекеттік тіркеу нөмірі, құқықбұзушылық жасалған уақыт пен күні көрсетілген және 5 минуттан асқаны көрінетін бейнежазба керек.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ ӘПК ресми өкілі:
- Биылдан бастап мопедтер де тіркеуге алынады. Яғни, алдағы сәуір айынан бастап мопед иелері көліктерін міндетті түрде тіркеуге тиіс. Жол ережесін бұзған жағдайда басқа көліктер сияқты оларға да айыппұл салынады. Электромобиль қожайыны да өз көлігіне арнайы белгі орнатуға міндеттеледі. Ал егер ол белгі болмаса, 11 796 теңге айыппұл төлеуге тиіс. Бұл арнайы белгілерді көлік құралдарын тіркейтін орыннан алуға болады. Сондай-ақ шетелдік номермен жүрген жүргізушілер де көлігін міндетті түрде тіркеуі керек. Ал тіркемеген жүргізушілерге 196 600 теңгеден 2 млн 200 мың теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Бұл жерде айыппұл сомасы көлік қозғалтқышының көлеміні қарай өзгереді.
Жалпы, былтырғы 11 айда қазақстандықтар жол ережесін бұзғаны үшін 217 млрд теңге айыппұл төледі. Бұл қаржының басым бөлігі, яғни, 160 млрд теңгесі жергілікті бюджеттерге түскен. Былтыр жолдағы апат азайды. Әсіресе, республикалық маңыздағы жолдардағы апаттар 15%-ке кеміген.