Қонаев қаласындағы саябаққа Бердібек Соқпақбаевтың есімі берілді

Қонаев қаласындағы орталық саябаққа қазақтың қабырғалы қаламгері Бердібек Соқпақбаевтың есімі берілді, деп хабарлайды 24kz.

Онда жазушының ойға шомған мүсіні, әйгілі кейіпкерлері Сұлтан мен Қожаның сәулеттік композициясы орнатылды. 8 гектар аумақты алып жатқан демалыс орны бір жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен еді. Саябақ ішіне 600 түптей ағаш көшеті егіліп, жарық шамдары ауыстырылды. Футбол алаңы жасақталды. Жақында бұқаралық спортты дамыту мақсатында салынған мұз айдыны пайдалануға беріледі. Саябаққа танымал балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаев есімінің берілуін қала тұрғындары зор қуанышпен қабылды.

Бейбіт Төлегенұлы, «Алатау арайы» газетінің тілшісі:

- Оқитын ұлтқа айналайық деген Президентіміздің бастамасына да бір түрткі болатын нәрсе деп ойлаймын. «Менің атым – Қожаны» оқымаған қазақ жоқ шығар осы күнде. Сол Қожа мен Сұлтанның композициясының қойылуының өзі жас ұрпақтың кітап оқуға, осы тұрған композиция кейіпкерлерінің қандай болғандықтары, бұлар туралы не жазылды екен деп, қызығушылықтарын да оятатын шығар деген үмітім бар.