Павлодарда коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті

Павлодарды қалың қар басып, коммуналдық мекемелер күшейтілген режимге көшті, деп хабарлайды 24kz.

26 бригада екі ауысыммен  жұмыс істеп жатыр. Жыл басталғалы 20 мың тонна қар шығарылған.

Павлодардың көшелері мен үй аулаларын қар басып қалды. Коммуналдық мекемелер күшейтілген жұмыс кестесіне көшіп, тәулік бойы қар тазалап жатыр. Көпқабатты үйлердің аулаларына жүзден астам арнайы техника жұмылдырылды.

Нұрдәулет Несіпқазиев, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының м.а.:

- Бірінші кезекте магистральді көшелер одан кейін жанама көшелер мен айналма жолдар тазартылады. Жол қауіпсіздігіне де баса мән береміз. Тротуарлар мен аялдамалар, ауларалық аумақтар шет қалмайды.

Жалпы қала бойынша үш жүзден астам техника, 250 адам жұмыс істеп жатыр. Қаңтардың бірінен бастап полигондарға 20 мың тонна қар шығарылды. Мамандар бұл жұмыс әлі бірнеше күнге жалғасатынын айтады.

Серік Әлпиімов, мердігер мекеменің басшысы:

- Қар қалың түсті. Сондықтан екі ауысымда жұмыс істеп жатырмыз. Қысқа мерзімде қаланы тазартып үлгеруіміз керек.

Омбы қар көлік қозғалысына да, жаяу жүргіншілерге де қолайсыздық туғызды.

Блиц 1:

- Мен осы шағынауданда тұрамын. Өзім зейнеткермін. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы қарды уақытында шығарып жатыр.

Блиц 2:

- Қаланың тазалығы осы қардан осы кісілердің арқасында ғой деймін. Сол үшін рахмет, қаламыз әрқашанда өркендей берсін.

Блиц 3:

- Қаланың басты көшелерін тазалап жатыр. Өте жақсы, әрине. Бізге әлі кезек келген жоқ. Мен Зеленстрой ауданында тұрамын.

Синоптиктердің болжауынша, алдағы күндері қар көп жаумайды. «Қыс мезгілінде арқаны кеңге салуға болмайды», - дейді коммуналдық сала өкілдері.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков