Орталық Азия гляциология орталығының 2025 жылға қандай жоспары бар?
ЮНЕСКО жанындағы Орталық Азия аймақтық гляциология орталығы алдағы жылдары да ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастырады, деп хабарлайды 24kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет тиісті қаулы қабылдады. Соған сәйкес Біріккен ұлттар ұйымының Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі агенттіктерімен екіжақты келісімге қол қойылады. Гляциологиялық орталық немен айналысады? Ғалымдардың 2025 жылға қандай жоспарлары бар?
Орталық Азия аймақтық гляциологиялық орталығы 2020 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған болатын. Өткен жылдың соңында оның жұмысына қатысты келісім аяқталды. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орталықтың жұмысын жалғастыру туралы ұсынысты қолдап, жаңа келісімге қол қою туралы тапсырма берді. Себебі орталық жаһандық климаттық өзгерістерді зерттеуге орасан зор үлес қосуда. Қазақстандық ғалымдар мұздықтардың еруін зерттеп қана қоймай, су қауіпсіздігі саласында да еңбек етіп келеді. Сондықтан бұл құрылымның әлеуетін толық пайдалану қажет.
Такир Балықбаев, Орталық Азия аймақтық гляциологиялық орталық директоры:
- Мұздықтардың өзі қазіргі заманда өте көп еріп жатыр. Оның ең бірінші айтатын мәселеміз – ол жаңағы осы соңғы жылдары біздің өңірде Тянь-Шаньннің осы бетіндегі мұздықтар жылына ауданы бойынша 0,75%-ке және көлемі бойынша 1%-ке қысқарып жатыр. Сол себепті мұздықтардың қысқарып жатқаны, солардың динамикасын зерттеу, мұздықтардың өзінің біздің ауа райына қалай әсер ететінін солардың бәрін жасау біз үшін үлкен мәселе деп айтуға болады.
Гляциологиялық орталықтың мамандары Іле Алатауындағы үш биік таулы станцияда жұмыс істейді. Негізгісі Солтүстік Тянь-Шаньның ең үлкен мұздығы – Тұйықсуда орналасқан. Мұздыққа 1970 жылдан бері бақылау жүргізіліп келеді. Деректер климаттың өзгеруі бойынша әртүрлі ғылыми зерттеулерде қолданылады. Қазақстан алынған ақпаратты әртүрлі мамандандырылған халықаралық құрылымдарға жіберіп отырады.
Төребек Тоқмағамбетов, Тау криосферасын бақылау зертханасының жетекшісі:
- Тұйықсу мұздығындағы өзендердің өзгеруі, геодезиялық және батиметриялық жұмыстар жүргіземіз. Сонымен қатар біз мұздықтың массалық балансын анықтау міндеттерін шешудеміз. Бұл ретте дрондар қолданылады. Сонымен қатар біз изотоптық талдау үшін су үлгілерін аламыз.
ЮНЕСКО-мен келісімге қол қою Қазақстанның табиғи криосферасын зерттеп қана қоймай, сонымен қатар таулы аймақтарда орналасқан көршілес елдер – Тәжікстан және Қырғызстанмен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Яғни, трансшекаралық өзендердегі зерттеулер, ғылыми ақпарат алмасу және мамандарды даярлауда бірлескен шараларға жол ашылады. Бұл 2026 жылы елімізде өтетін Біріккен ұлттар ұйымының аймақтық климаттық саммитіне дайындықтың маңызды қадамы болмақ.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Джакупов