Алматы облысында жас сарбаздар ант берді
Ұлттық ұланның Алматы облысында орналасқан 5571 әскери бөлімінің жас сарбаздары салтанатты түрде ант берді, деп хабарлайды 24KZ. Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы атындағы бұл әскери бөлімде жыл сайын 1200 сарбаз өзінің азаматтық борышын өтейді. Олар қаладағы қоғамдық тәртіпті қадағалауға және өздеріне берілген әскери тапсырмаларды орындауға жұмылдырылады.
Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери құрылымда азаматтық борышын өтеп жүрген жас сарбаздың бірі – Фараби Өміржан. «Әскер әр жауынгердің бойындағы отансүйгіштік сезімді нығайтып, өз өзіне деген сенімділікті арттырады. Сол себепті соңымыздан ерген жастарды қатардағы жауынгер атанып, әскери борышты адал атқаруға шақырамын», – дейді ол.
Фараби Өміржан, 5571 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері:
- Мен осы әскерге келіп тұрған себебім мемлекеттің алдында борышымды өтеу үшін, тағы да өзіме керекті заттарды алу үшін ғой осы әскерден. Өйткені әскер жаман емес. Әскерде тек қана жақсы сәттер бар. Мысалы, дисциплина, спорт жағынан көп жаттығулар болады. Оның барлығы адам үшін керек.
Өміржан Шарынов, Астана қаласының тұрғыны:
- Заречный кентіндегі Ұлттық ұланның ант қабылдау мерекесіне келіп тұрмыз Астана қаласынан. Сол баламызға, біздің баламыз сияқты балалардың бәріне осы азаматтық борыштарын абыроймен атқарып, аман-есен үйлеріне қайтуға тілекшіміз. Еліміздің қарулы күштеріне осындай әскерге өз еріктерімен келіп, азаматтық борышымды өтеймін деп келетін жастар көбейсе екен дейміз.