Көлікті техникалық байқаудан өткізу талабы күшейтіледі
Соңғы 3 жылда елдегі көліктердің техникалық тексеруден өткізілгенін растайтын 3,5 мыңға жуық құжат жалған деп танылып, заңды күшін жойды.
350 орталықтың жұмысы тоқтатылды. Өйткені осы күнге дейін көп жүргізуші темір тұлпарын арнайы стендке кіргізбей-ақ, қашықтан жалған құжат жасатып келген. Осыған байланысты биыл сәуір айынан бастап елдегі мыңға жуық орталыққа қатысты техникалық байқау талабы қайта күшейтіледі.
Жолаушылар тасымалдайтын автобустар, такси және қауіпті жүк таситын көліктер әр 6 ай сайын техникалық байқаудан өткізіліп тұруы қажет. Ал 2018 жылға дейін шығарылған басқа көліктерді жылына бір мәрте тексереді. Жүк көлігі саналатын бұл манипулятордың жүргізушісі - елордалық Владимир Кухарик. Ол техникасының жарамдылығын растау үшін жыл сайын осы орталыққа келеді. Уақытты үнемдеу немесе темір тұлпардың ақауын жасыру мақсатында қашықтан құжат жасата салатындарды мүлдем түсінбеймін, дейді. Оның айтуынша, қауіпсіздік бірінші кезекте жүргізушінің өзіне керек.
Владимир Кухарик, жүргізуші:
– Көлігімді осы жерде техникалық байқаудан өткізуге тырысамын. Өйткені материалдық базасы жақсы қамтылған. Қызмет көрсету сапасы көңілімнен шығады. Шынтуайтына келгенде көлігім сыр бере бастаса, техникалық байқау орталықтарына жылына бір емес, бірнеше рет баруға дайынмын. Қауіпсіздік мен үшін бірінші кезекте тұр.
Тексеру кезінде құжаттағы автомобиль фотосуретінің арнайы бағдарлама арқылы өңделгені немесе белгілі бір баптауларының өзгертілгені анықталса, тапсырыс беруші де, оны орындаушы да әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, техникалық байқау орталықтары көліктің жарамдылығын растауға арналған құрылғылардың, білікті мамандардың және жалпы стандартқа сай ғимараттың барын жергілікті жердегі құзырлы органдарға дәлелдеуі тиіс. Кері жағдайда олардың қызметі заңсыз саналады.
Бауыржан Шайдолла, "ҚР Техникалық байқау операторларының одағы" Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бірлестігі қауымдастығының президенті:
- 2012 жылдан бастап, сол параметрлер барлығы кіріп отыр. Қазіргі бұйрықпен "хабарландыру" талабы кетеді де, "рұқсатнама" талабы келеді. Ғимаратты келіп, тексеріп, қабылдайды. Содан кейін ғана реестрге кіргізеді.
Тежегіш стендтерінің болуы заңдылық. Одан басқа газ талдауыш, түтін өлшеуіш, автомобиль аспасын тексеруші стенд, фото тіркеу және бейнебақылау құралдары міндетті түрде болуы керек. 2015 жылдан бері орталық ашқан заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін өңірлік көлік бақылау инспекциясына материалдық-техникалық базаның бар-жоғын көрсетпей-ақ, хабарландыру жөнелтсе жеткілікті еді. Бұдан былай бұл процедура өңірлік көлік бақылау инспекциясы рұқсатымен ғана қабылданады. Ал орталықты ашуға рұқсат алу үшін тиісті құрылғылардың барын тек құжатпен ғана емес, іс жүзінде де көрсетуі қажет.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Талап бойынша әр техникалық байқау орталығында осындай арнайы ор болуы керек. Оның ені 90 см кем болмауы тиіс. Сондай-ақ жеңіл көліктерді тексеретін орталықтардың биіктігі 4 метр, ал жүк көліктер бойынша 5,5 метр болуы қажет.
Соңғы 3 жыл ішінде жоғарыда айтылғандай көлік жүргізушілердің 3 мыңнан астам техникалық байқау құжаты жалған деп танылды. Олардың күші жойылды. Ал заң бұзушылыққа жол берген операторларға 2022 жылы 9,5 млн тг, 2023 жылы 8,6 млн тг және 2024 жылы 8,8 млн тг көлемінде айыппұл салынды.
Қанат Қалмағамбетов, ҚР Көлік министрлігінің бас сарапшысы:
- Айыппұлға тоқталатын болсақ, бүгінде 616-бапқа сәйкес, кіші, орта және үлкен субъект бойынша 10, 20, 30 АЕК. Бұл айыппұлдардың шамасы 2025 жылы 50, 70, 100 АЕК-ке дейін өседі.
Осыған байланысты Көлік министрлігі жүргізушілер мен операторларды заңға немқұрайлы қарамауға шақырады. Ал жоғарыда айтылған шаралар нарықтың көлеңкелі тұстарын біршама азайтады, - дейді мамандар.
Мирлан Алтынбек, Ақылбек Есімсейітов, Ғалымжан Абдылахат, Ислам Махамбет