Жамбыл облысында қолды болған инфрақұрылым қаржысы қайтарылды
Жамбыл облысында «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағына бөлінген 2 миллиард теңге қолды болған, деп хабарлайды 24KZ. Бұл қаржыға инфрақұрылым нысандары салыну керек еді. Жалпы инвесторларға арналған аумаққа инфрақұрылым жүйелерін тарту үшін бас-аяғы 31 миллиард теңге бөлінген. Оған 28 нысан салыну тиіс еді. Бірақ олардың 15-інің құрылысы бітіп, өзгесі аяқсыз қалды. Бұл жобаларды 3 мердігер салуы тиіс болған.
Жалпы жоспар бойынша арнайы экономикалық аумақта 2019 жылы 20 инвестор жұмысын бастауы тиіс еді. Бірақ автомобиль жолдары, қалдық төгетін орын, су, жарық сынды жүйелер толық тартылмағандықтан жоспар толыққанды жүзеге аспай отыр.
Қайыржан Қуатбеков, Шу ауданының прокуроры:
- Міндеттемелерді орындамаған мердігер ұйымдарынан 2 млрд теңге өндірілді. Қадағалау актісі бойынша 6 өнімсіз жобаларға берілген 81 гектардан аса жер учаскесі арнайы экономикалық аймаққа қайтарылып жаңа инвесторларға берілді. Инвесторлардың құқықтарын қорғау жұмыстары жалғасып жатыр.