Қазақстанда 175 мың тұрғын үй салу жоспарланған

Биыл елде 19 млн шаршы метр немесе 175 мың тұрғын үй салу жоспарланған. Ал 2029 жылға қарай 111 млн шаршы метр бой көтермек. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәлімдеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес былтыр елде 18 млн шаршы метрден аса тұрғын үй салынды. Бұл Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі рекордтық көрсеткіш. Былтыр 172 мыңнан аса баспана пайдалануға берілді. Оның 39 064-і – жеке үй. Сондай-ақ 71 мыңға жуық азаматқа пәтерлерін жекешелендіруге мүмкіндік берілді. Ал әлеуметтік осал топтар санатындағы мұқтаж азаматтар үшін 20 мыңнан астам пәтер сатып алынды. Оның ішінде 13 мыңға жуық отбасы алғаш рет жеке баспананың иесі атанды. Одан бөлек, 2300 азаматқа ипотеканың бастапқы жарнасы түрінде қолдау көрсетілді. «Наурыз» және «Отау» мемлекеттік бағдарламалары аясында 10 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты.