Сырдария өзеніндегі бөгеттер нығайтылды

Сырдария өзенінің Қызылорда облысы аумағында су басу қаупі бар 28 аумақ анықталды, деп хабарлайды 24KZ. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары аталған учаскелерді тәулік бойы бақылауға алған. Аймақта былтыр күзден бері өзен бөгетінің 7 учаскесі нығайтылды. Олардың қатарында Аманөткел, Ақсу, Шәменов, Талсуат және ПМК 29 елді мекендерінің тұсындағы бөгеттер де бар.

Бүгінде облыс аумағына Сырдария арқылы секундына 457 текше метр су жіберіліп отыр. Оңтүстік аудандарда толық мұз қатып үлгермеген. Сондықтан кез келген сәтте қауіп туындауы мүмкін. «Тасқынға қарсы шаралар аясында инертті материалдар мен техникалар және эвакуациялық бекеттер дайын», – дейді мамандар.

Бейбітхан Спанов, облыстық ТЖД басқарма басшысы:

- Қармақшы ауданы Қорқыт ата станциясының тұсында нығайту жұмыстары жүргізілуге тиіс болатын. Мейлінше биылға үлгермеді, қазіргі уақытта тиісті жұмыстар дайындалып, бітіреміз деген жоспар бар. Барынша дайындық әзірлікте, қай уақытта, қандай мөлшерде су келсе де, төтенше жағдайдың алдын алу бағытында пысықтап, әзірлеп отырмыз.