Ақтөбе облысында 1 млн шаршы метр тұрғын үй салынады

Ақтөбе облысында биыл 1 млн шаршы метр тұрғын үй салынады, деп хабарлайды 24KZ. Жалпы баспананы қолжетімді ету – мемлекеттік саясаттың басымдық беріп отырған бағыттарының бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейін Қазақстанда жылына 10 мың адам жалға берілетін тұрғын үймен қамтылуы тиіс деген болатын. Жүктелген міндетті орындау мақсатында Ақтөбе облысы бірнеше мемлекеттік бағдарламаға иек артқан.

Ақтөбе облысында былтыр баспана кезегінде тұрғандарға арнап 800-ге жуық үй салынды. Облыс орталығында 630 пәтер қолданысқа берілсе, қалғандары аудандарға тиесілі. Әлеуметтік осал топтарға арналған үйлердің құрылысы толықтай бюджет есебінен жүргізіледі.

Аслан Жарасбаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Ырғыз ауданында берілді, Мәртөк, Әйтеке би және Байғанин аудандарында осы тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, кілттері табысталды. Биылғы жылы біздер Ойыл ауданында және Алға ауданында, Шалқар ауданында тұрғын үйлерді пайдалануға береміз. Арендалық тұрғын үйлерді.

Ақтөбе облысында баспана кезегіне 35 мыңнан астам адам тіркелген. Сондықтан тек құрылысқа иек артып мұқтаж жандар тізімін азайту мүмкін емес. Бұл орайда өңірде дайын пәтерлер де сатып алынады. Былтыр республикалық бюджеттен 13 млрд 800 млн теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде тек Алға ауданының өзінде 21 отбасы қоныстойын атап өтті. 

Гүлшат Нұрымбетова, Алға ауданының тұрғыны:

- Келіп үйімізді көріп жатырмыз. Жайлы, жарық, әдемі. Өзіме ұнады. Балаларым да қуанышты. Өзіміз де қуаныштымыз. Осындай жаңалықтар көбейе берсін. Жыл жақсылығымен басталып жатыр. Барлық жақсылықтар бола берсін. Рақмет көп-көп.

Нарықтағы дайын пәтерді мұқтаж жандарға арнап сатып алу үрдісі облыс орталығында да жүзеге асырылып келеді. Былтыр бұл бағдарлама аясында 553 үй үлестірілді. Мәселен, мына менің артымдағы 5 қабатты баспананың 34 пәтері кезегі таяған көпбалалы отбасы және жетімдерге бұйырды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында кезекте тұрған азаматтарды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыс жалғасатындығын айтқан болатын. Бұл орайда Ақтөбе облысында биыл мыңға жуық баспанаға мұқтаж отбасы қоныс тойын атап өтуі тиіс. Бұдан бөлек, жергілікті билік алдағы 7 жыл ішінде 9 млн шаршы метр үй салуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов.