Ақтөбеде жұмысшы мамандықтарға сұраныс артты
Ақтөбеде жаңа мамандықтар атласы әзірленді. Облыстық Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, қазір «Лифт шаруашылығы», «Саябақ шаруашылығы», «Қонақ үй бизнесі» мен «Қоғамдық тамақтандыру бизнесі» секілді мамандық иелері жетіспейді.
Сондықтан алдағы оқу жылынан бастап аталған кәсіп иелерін жергілікті колледждер оқыта бастайды.
Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжінде 600-ге жуық студент оқып жатыр. Олар дәнекерлеуші, құрылысшы, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және энергетика саласындағы 6 жұмысшы кәсібін игеріп жүр. Алдағы оқу жылынан бастап мұнда «Лифт шаруашылығы және эскалаторлар» мамандығы да ашылады. Білім ордасы әкімшілігі материалдық-техникалық базасын даярлауға кіріскен. Оқу үрдісіне қажет жаттығу құралы да жеткізілді. Өңірдегі лифт шаруашылығына қызмет көрсететін кәсіпорын әлеуметтік серіктес болды.
Гүлден Өтежанқызы, колледж директоры:
- Әзірге бізде сол мекеменің жұмыс жасайтын мамандары бар ғой, соларды тартамыз деген келісімшартымыз бар. Және де сол кәсіпорындармен бүгінгі күні әдебиет мәселесі де, кітаптар мәселесі де шешіліп жатыр. Олардың базасында да бізге кабинет дайындап отыр. Ертеңгі күні тәлімгер есебінде белгілі бір практиканы өткізгені үшін жалақысын алады.
Колледж студенті Виолета Ляшенко лифт шаруашылығы шеберіне сұраныс артпаса, кемімейді,- дейді. Себебі урбанизация нәтижесінде қалалар өсіп, көпқабатты үйлер де күн санап бой түзеп келеді. Мұны ескерген кешегі талапкердің өзі құрылысшы мамандығын таңдаған.
Виолета Ляшенко, колледж студенті:
- Жоғары білікті шебер болғым келеді. Ол үшін «World Skills» байқауына қатыстым. Ең жас маман деген медаль алдым. Бірақ мақсатым - бас жүлдені иелену. Құрылыс жұмыстары маған ұнайды. Оның ішінде сәндік сылақ, ғимарат бөлмелерін сылақпен әшекейлеуді ұнатамын.
Облыстық Білім басқармасы өкілдері жеткіншектердің жұмысшы мамандықтарына қызығушылығы артқанын айтады. Мәселен 2022 жылы мектеп түлектерінің 20 пайызы аталған саланы таңдаса, былтыр олардың саны 28 пайызға дейін жеткен. Биыл бұл көрсеткішті тағы 17 пайызға өсіру көзделіп отыр. Ол үшін оқушыларға арналған кәсіптік бағдар беру бөлмелерін ашып, өңірде тапшы мамандықтар базасы құрылады. Кәсіп иелерін өндіріс орындарының тапсыры бойынша даярлау да нарық сұранысын қамтамасыз етеді.
Нұргүл Бертілеуова, облыстық Білім басқармасы басшысының м.а.:
- Кәсіпорындардың өзінің тапсырысы негізінде қабылданған мамандар жүз пайыз жұмысқа орналасатын болады. Мысалы өткен оқу жылында 700 осындай кәсіпорындардың тапсырысы негізінде студент қабылданған болса, биылғы оқу жылында сол кәсіпорындардың арнайы тапсырысымен оқытылатын студенттердің санын да арттыру жоспарланып отыр.
Аталған колледж биыл «Лифт шаруашылығы және эскалаторлар» мамандығына 25 студентті қабылдайды. Білім ордасы басшылығы олардың барлығы да оқуды тәмамдаған соң жұмысқа тұратындығына сенімді. Себебі қазірдің өзінде екі бірдей ірі компания лифт шеберлеріне тапсырыс берген.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов