Маңғыстауда мың гектар жер мемлекетке қайтарылды

Маңғыстау облысында жеке шаруа қожалығы мың гектар жерді мемлекетке қайтаруға міндеттелді.

Бейнеу ауданының тұрғыны кадастрлық құны 1,3 миллион теңгеге бағаланған жерді 10 жыл мерзімге жалға алған. Бірақ 2019 жылдан бері мақсатына сай пайдаланбағаны белгілі болды. Заңды талапқа құлақ аспаған тұрғынға сот шешімімен айыппұл салынды. Былтыр өңірде 100 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бейнеу, Мұнайлы, Түпқараған, Қарақия және Маңғыстау ауданында шаруа қожалықтары жер учаскелерін егін егу немесе жайылым ретінде пайдалану үшін 5 жылдан 49 жылға дейін жалға алған, бірақ игермеген.