Қар құрсауынан 1468 адам құтқарылып, 208 техника шығарылды

Жыл басталғалы қар құрсауынан 1 мың 468 адам құтқарылды. Оның 149-ы бала. Сол секілді 208 техника шығарылған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері мәлімдеді және қысқы кездегі төтенше жағдайларға жедел ден қою мақсатында жүзеге асырылып жатқан шаралармен бөлісті.

Аслан Уакишев, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары:  

- ТЖМ бұйрығымен 37,4 мың адам және 13,6 мың техника топтамасы бекітілді, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың міндеттері айқындалды. Сол секілді 1 437 қар тазалау техникасы дайындыққа келтіріліп, 174 жаңа жол-пайдалану техникасы сатып алынды. Ал жолдарды тазалау үшін қосымша 241 бірлік техника жалға алынды. 

Министрлік өкілдері төтенше жағдайлардың туындау қаупі, ауа райының нашарлауы, республика автожолдарының жабылуы туралы және басқа да шұғыл хабарламалар ерекше бақылауда екенін атап өтті. Айталық, қыс басталғалы 1 300 рет дауылды ескерту жарияланып, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар 390 рет жабылған. Ал ауа-райының нашарлауы туралы халыққа 1 800 рет СМС-хабарлама жіберілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері қысқы авариялық оқиғалардың алдын алу мақсатында тұрғындарды әрбір ескертуге назар аударуға шақырды.

Аслан Уакишев, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары:

- Елді мекеннен тыс сапарларды жоспарламас бұрын алдағы қозғалыс бағыты бойынша ауа-райы болжамын зерттеу керек. Көлік қозғалысы үшін қандай жолдар жабылуы мүмкін екенін анықтаңыз. Ақпаратты «ҚазАвтоЖол» ҰК сайтында жабық учаскелердің егжей-тегжейлі картасынан көруге немесе 1403 бірыңғай телефоны немесе 112 құтқару қызметінің телефоны бойынша сондай-ақ «Darmen» мобильді қосымшасының көмегімен нақтылауға болады.