Қазақстанның әскери-әуе күштерінің қатары жаңа ұшақпен толықты
Еліміздің әуе-шабуылдаушы әскерлері A400M жаңа әскери-көлік ұшағында парашюттік жаттығуларды бастайды.
Қазақстанға бұл ұшақ былтыр жыл соңында әкелінді. Бұл санаттағы ұшақтарды еуропалық Airbus авиаконцерні шығарады. Екіншісі алдағы уақытта келеді. Олар қазақстандық қарулы күштердің материалдық-техникалық жабдықталуын жақсартып, құрлықтағы әскерлердің жауынгерлік даярлығын жаңа деңгейге шығаруы тиіс.
«А400М» ұшақтары Қазақстан Қарулы Күштеріне аса қажетті техника. Ол авиацияның тактикалық және стратегиялық талаптарына сай келеді. Экипаждардың оқу-жаттығуы Талдықорғандағы Әуе қорғаныс күштерінің авиабазасында өтті. Енді A400M ұшағының көмегімен құрлықтағы броньды машиналарды еліміздің бір аймағынан екінші аймағына жылдам жеткізуге болады.
Әбдімәжит Жанахметов, ҚР ҚК Талдықорған әуе базасының командирі:
- Өткен аптада ұшақтың сипаттамалары тексерілді. Оған екі бронетранспортер мен екі «Арлан тиелді. Десанттық бригадамен Балқаш аэродромына жетіп, кері ұшты. Тапсырма сәтті орындалды.
Жақын арада десанттық-шабуылдаушылар парашюттік оқу-жаттығуды бастайды. А 400М борты 120 адамды немесе 37 тонна жүкті тасымалдай алады. Сонымен қатар ұшақ топырақты жолақтарға және ұзындығы 900 метр болатын шектеулі аумақтарға қона алады.
Руслан Шағалиев, әуе-десантты дайындық бөлімінің аға офицері:
- Әуе шабуылдаушы әскерлерінің парашютпен секірулерін орындау үшін парашют жүйелерін осы ұшаққа бейімдеу қажет. Ол жұмысты бастап кеттік. Жақында біз Талдықорған қаласында осы ұшаққа «Арлан» десантты техникасын тиеп көрдік. Ұшақтың мүмкіндігі мол.
«Қазіргі уақытта біздің әуе-шабуылдаушы әскерлерімізде Ресейде жасалған парашют жүйелері қолданылады. Оларды еуропалық авиациялық технологияға бейімдеу қиын болмайды»-дейді әскерилер. Қазіргі кезде Алматы облысында жаңа әскери ұшақтарға арналған аймақтық әскери көлік хабы құрылуда. Ол Алатау қаласының аэродромында орналасады.
А.Садуақас, Г.Беденко, С.Бейсекенов