Тасқын қаупі жоғары 116 елді мекен бақылауға алынды

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқынның болу қаупі жоғары. Төтенше жағдайлар қызметі қазір су басуы мүмкін деген 116 елді мекенді қатаң бақылауға алды. Бұл ауылдарға өзен – көлдер мен еріген қар суы қатер төндіріп тұр.

Мамандардың айтуынша жердің ылғалдылығы шамадан тыс көп. Ал Сергеев су қоймасы лық толы. Синоптктердің болжамы қандай?

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқынға дайындық былтыр жазда басталды. Тасқынға тосқын қою бағытында атқарылған істер аз емес. Бірақ бекемдей түсер тұстар әлі де жеткілікті. Қауіптің беті қайтты деп толық сеніммен айту қиын. Қазір құтқарушылар су басуы ықтимал 116 ауылды бақылауға алған.      

Ернар Рүстем ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бас маманы:

- 79 шақырымнан артығымен бөгеттер мен үйінділер салынды және автокөлік жолдарына 107 су құбырлары мен тюбингтер орналастырылды. 10 шақырымнан артығымен арықтар мен каналдар тазартылды және өзен бойында кіші өзен бойында 4 шақырымнан артық тазарту жұмыстары жүргізілді.

Сергеев су қоймасы қазір лық толды. Артық су бөгет үстімен Есілге тоқтаусыз құйылып жатыр. Синоптиктердің айтуынша бөгеннің босамай тұрғанына көктемгі тасқын, жаз бойы жауған жаңбыр мен жер асты суларының көтерілуі себеп болған. Ылғал шамадан тыс.

Дәурен Қосшығұлов, «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:

- Өңірде өткен жылдың күзінде жасалған өлшем бойынша жердің ылғалдығы 100 бен 216 миллиметр аралығында болды. Бұл көпжылдық мәліметтермен салыстырғанда 2-3 есеге көп. Бұл көктемде еріген қар суының жерге тез сіңіп кетуіне кедергі келтіреді.

Өңірде өзен-көлдердің деңгейі мен қардың ылғалдылығын өлшейтін 19 гидрологиялық бекет құрылған. Жердегі тоңның қалыңдығы 60 сантиметр. Алдын ала болжам бойынша көктемгі тасқынға қатысты нақты жағдай ақпан айының басында белгілі болады.