Абай облысында халық ауызсуды өзеннен тұтынып отыр
Абай облысындағы Малтүгел ауылының тұрғындары тұщы суды 90 жыл бойы өзеннен тұтынып отыр. Елдімекенге су құбырын тарту жұмыстары бес жыл бұрын басталып, сол беті аяқсыз қалған.
Малтүгел ауылы тұрғындарының күнделікті тірлігі осы. Халық жылдар бойы тірлішік нәрін осы Аягөз өзенінен алып отыр. Бұл жерден адам да мал да су ішеді. Сиязбек Сақажанов күнделікті бір шақырымнан астам жол жүріп өзеннен су тасиды. «Зілдей ауыр шелектер мен ыдыстарды көтеріп қайту қиын», - дейді. Жалпы ауылға су құбыры былтыр тартылған. Бұл мақсатқа 18 миллион теңге бөлінді. Бірақ одан пайда жоқ. Тіршілік нәрі әлі күнге қосылмаған.
Сиязбек Сақажанов, Малтүгел ауылының тұрғыны:
- Әр үйге су тарттырды. Ойбай, ақшасын төлеңдер деп, төлетті. Барлығымыз 40-50 мыңнан төледік. Міне, одан түк нәтиже болған жоқ. Үйге тартып қойдық. Судың басқа қасиеті болмай тұр.
Ауызсудан тарыған малтүгелдіктер әкімдік табалдырығын тоздырып біткен. Бірақ одан нәтиже жоқ.
Сағидолла Рамазанов, Малтүгел ауылының тұрғыны:
- Қосқан кезде су келді. Ертесіне бір күн өткен соң су қайта кетіп қалды. Бұл жоғары жақта тағы екі жерден тесіліп қалды. Оған ешкім жауап бермейді.
«Өзендегі су сапасы сын көтермейді. Бұны эпидемолог мамандардың растағаны қашан. Ол жерден төрт-түлік те су ішеді. Демек ашық су айдыны түрлі жұқпалы аурулардың ошағы болуы мүмкін», - дейді мамандар.
Ардақ Барлықанова, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:
- Ішек аурулары пайда болады. Ең қиын әрі қауіпті аурулардың бірі - холера. Жаңағы лихорадкалар, тулеримия болуы мүмкін. Содан кейін құрт аурулары. Ашық су айдынында жұқпалы аурулардың барлық қоздырғыштары болады. Сондықтан біз кеңес бермейміз.
Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Аягөз ауданындағы бірнеше ауыл әлі ауызсуға зәру екенін айтты. «Қаражат бөлініп, игерілсе де нәтиже жоқ. Сол себепті бұл мәселені құқық қорғау органдары назарға алуы керек», - дейді депутат.
Нұртай Сабильянов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Аягөз ауданының Малтүгел ауылында, Байқошқар, Қопа, Мыңбұлақ ауылдары әлі толық сумен қамтамасыз етілген жоқ. Қаражат бөлінген және игерілген. Бірақ халық таза ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Сондықтан мен бұл мәселені бақылауға алдым.Құқық қорғау органдары мұны тексеріп шешім шығаруы керек.
Энергетика және тұрғын үй коммуналдық басқармасындағылар ауылға су тартылғанын растап отыр. Бірақ мердігерлердің бірі құбырды абайсызда жарып алған.
Жандос Қайырханов, Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Тапсырма берілді. Тесілген жерді, су құбырын қалпына келтіреді және ауыл тұрғындары осы су құбырына қосылуы керек. Көктемге қалдыруға тура келеді. Көктемде қалпына келтіріп суды жібереміз. Су деген көктемде қатпайды ғой.
Абай облысында жыл соңына дейін халықты сапалы ауызсумен қамту үшін 10 млрд теңге жұмсалады. Жалпы саны 33 жоба жүзеге асырылады. Қазір қаражаттың жартысынан астамы игерілген.