Атырауда апатты үйлердің жайы алаңдатады

Атырау облысының Мақат ауданында апатты үй көбейіп барады. Кейбірінің іргетасы ғасырдан астам бұрын тұрғызылған. Осыған байланысты ауданда 80 пәтерлі екі үйдің құрылысы басталды.

Мақат ауданында апатты жағдайда тұрған дәл осындай 106 үй бар. Олардың ең ескі дегені 1911 жылы салынған. Яғни арада 1 ғасырдан аса уақыт өтті. Жергілікті билік бұл мәселені реттеу үшін енді облыстық бюджеттен 2 млрд теңге қаржы бөлген. Осылайша 160 отбасы баспаналы болады.

Доссор кентіндегі мына үйдің іргетасы 100 жылдан астам уақыт бұрын қаланды. Ұлбала Саналиева жарты ғасырға жуық осында тұрып келеді. Апатты жағдайдағы баспананың қабырғасы сөгіліп, төбесі тесілген. Қар мен жаңбыр жауса жағдай қиындай түседі.

Ұлбала Санәлиева, Доссор кентінің тұрғыны:

- 100-ге келген кісі де жоқ қой, қарақтарым. 100 жылғы үйден не сұрайсыңдар? Осы үйде тұрып жатырмыз. 45-50 жыл болды тұрғанымызға. Содан бері қарай осы кезекке тіркелгенмін.

Апатты үйлерді жою бағдаралмасы бойынша былтыр Мақат ауданының тұрғындарына 54 пәтер берілді. Баспаналы болғандардың бірі – Қарлыға Рахимеденова. Жеті баланың анасы көп жыл бойы үй жалдап келген. 

Қарлыға Рахимеденова, Мақат кентінің тұрғыны:

- Бүгін Мақат ауданынан үй алып жатырмын. 14 жылдан бері үй жалдап келемін. Осылай баспаналы болып жатқаныма өте қуаныштымын. Барлықтарыңызға көп рахмет айтқым келеді.

»Биыл ауданда 2 пәтерден тұратын 80 үй салынады. Осының арқасында  160 отбасы баспаналы болмақ. Қазір ауданда 731 адам үй кезегінде тұр. Уақыт өткен сайын апатты үйлердің саны да өсіп барады», дейді жауаптылар.

Темірбек Іңірбай, Мақат аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Аудан бойынша 50 үй саламыз. 50 үй - 100 пәтер болады. Апатты жою жұмыстары бойынша бұл біздің салатын үйлер. Қазірдің өзінде ауданда апатты үйлер көп. 1911-49 жыл арасында салынған үйлер. Сонымен қатар аудандық құрылыс бөлімі арқылы 30 үй салу қарастырылған. Бұл - 60 пәтер. Қазір осы апатты үйлерді жоюға 2 млрд қаражат бөлігіп отыр.

Жалпы облыс бойынша 217 үй апатты деп танылған. Жергілікті билік ескі үйлерді сүріп, орнына жаңасын салуды кезең-кезеңімен жүргізеді.