Шымкентте су басуы мүмкін 20 қауіпті аймақ белгіленді

Шымкентте көктемде су басуы ықтимал аймақтар анықталды, деп хабарлайды 24KZ. Қазір төтенше жағдайлар қызметінің бақылауына 20 аумақ алынды. Оның басым бөлігі Сайрамсу өзенінің бойында орналасқан.

Мамандардың айтуынша, қала ішін бойлай ағып жатқан өзен әзірге тұрғындарға жанама қауіп төндіріп тұр. Бұл жағдайды қар мен жауын шашын ушықтырып жіберуі мүмкін. Гидрологиялық өлшемдерге қарағанда судың деңгейі тиісті межеден төмен. Қыс бойы мұнда қар шығарылып, арықтар тазартылды. Енді жағаны бетонмен нығайту жұмыстары жоспарланып отыр. Көктемгі тасқынның алдын алу шаралары Бадам өзенінде де жүргізілді. Ол үшін 5 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді.

Ірісмат Махмұдов, қалалық ТЖД бөлімінің бастығы:

- Зерттеу аясында анықталған 20 учаскенің 12 учаскесі Еңбекші ауданында болып табылады. Еңбекші ауданында ағып өтетін Сайрамсу өзенінің жағасында, бұл Базарқақпа елді мекенінде. Жалпы өзен арнасының жанында орналасқан 15 тұрғын үй бар. Ол жерде 100 жуық халық тұрады. Бүгінгі таңда оларға қауіп жоқ.