Жезқазғандық жастар қариялардың ауласын қардан тазартты

Жезқазғандық жастар еңбек ардагерлерінің ауласын қардан тазартты, деп хабарлайды 24KZ. Соңғы тәулікте өңірде толассыз қар жауып, күн райы бұзылып тұр. Бұл әсіресе жалғызілікті қарттар үшін қиын. Сондықтан еріктілер қолдарына күрек алып, 10 шақты үйдің ауласын ретке келтірді. Белсенді топ игі бастаманы көктемге дейін жалғастырмақ. Ол үшін ардагерлер ұйымымен бірлесіп, еңбекке жарамсыз отбасылардың арнайы тізімі жасалады.

Жанұзақ Кенбаев, еңбек ардагері:

- Денсаулық кейде сыр береді. Бірде былай, бірде былай болады деген сияқты. Толассыз қар жауып жатыр еді, осыны өзім ойластырып тек қана кіретін орындарды ғана, жолды ғана аршып жүргем. Енді, міне, еріктілер қоғамы, жастардың ұйымы бар екен. Солар келіп, қол ұшын беріп жатыр. Соған қуанып қалдым. Себебі мұндай шаруа көптен ұмытылған шаруа еді.

Сәкен Қайратұлы, Жастар ресурстық орталығының директоры:

- Қарды күреуге күші жетпейтін ардагерлеріміздің тізімін алып, жастар жиналып, осы акцияға атсалысамыз деген ниетіміз болды. Өзіміз үшін керемет, бір денемізді шынықтырып, аталарымыз бен әжелерімізден бата алып. Бұл акция біздің жастарды тәрбиелеуге қомақты үлес қосады деген ойдамын.