Алматының коммуналдық қызметі тәулік бойы жұмыс істейді
Алматыда ақтүтек боран соғып, қалың қар жауды, деп хабарлайды 24kz.
«Қазгидрометтің» мәліметінше, алдағы тәуліктерде ауа температурасы 20 градусқа дейін суытады. Қазір коммуналдық қызмет қала көшелері мен жолдарды қардан тазартып жатыр. Тазалық жұмысына 600-ден астам арнайы техника мен 1500 адам жұмылдырылды. Жұмыс тәулік бойы жалғасады. Жол жағдайын бақылайтын 46 жедел топ құрылды. Сондай-ақ Алматы халықаралық әуежайының өндірістік қызметі жұмысты күшейткенін хабарлады. Ұшақтарға мұз қатуға қарсы өңдеу қызметі шектелді. Әуе рейстерін кешіктірмеу үшін қажетті амалдар атқарылып жатыр.
«Жолаушылардан рейстердің ағымдағы статусын әуежай мен әуе компаниялардың ресми сайттарынан тексеруді сұраймыз», - делінген хабарламада. Ал әкімдік өкілдері көлік жүргізушілеріне жолда абай болуды ескертті.
Бейбіт Шаханов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:
- Ең алдымен қар жиналғаннан кейін магистральді және орталық көшелерде қар шығару басталады. Одан кейін оған «Алматы тазалық» жауапты болады. Ал аудандар мен аулаларда аудандық әкімдіктер жұмыс жасайды.