Су тасқыны: Павлодар облысында қауіпті аймақтарға мониторинг жасалып жатыр
Павлодар облысы көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды 24KZ. Бірінші кезекте құтқарушылар мен техниканың жай-күйі тексерілді. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері синоптиктермен бірлесіп, қауіпті аймақтарға мониторинг жасап, су басу қаупі жоғары елді мекендерді анықтап жатыр.
Әдетте Павлодар облысы бойынша Ақтоғай мен Баянауыл ауданына тасқын судан қауіп төнеді. Ол климаттық жағдайға ғана емес, көрші облыстардағы су қоймаларынан жіберілетін судың мөлшеріне де байланысты. Өткен жылы Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылын су басқан еді. Биыл кешенді жоспар бекітіліп, соған сәйкес атқарылуы тиіс 47 инженерлік іс-шараның 28-і аяқталды. Облыстың 15 елді мекенінде 20 шақырымдай қорғаныс бөгеті, 5 шақырымдай су бұру арнасы салынды. Теміржол мен автокөлік жолдарында су өткізгіш құрылымдар жаңартылды.
Қайрат Шаймарденов, Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары:
- Кешенді жоспар аясында инженерлік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ауылдардан қарды дер кезінде шығаруға кеңес берілді. Инерттік материалдар дайындалып, бөгеттер нығайтылады. Бұл жұмыстардың барлығы жергілікті әкімдіктермен бірлесе атқарылады.
Гидрометеорологиялық мониторинг мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» өкілдерімен бірлесіп, жердегі тоң мен жауын-шашын мөлшерін анықтау үшін шалғай аудандарға барып, өлшемдер жасап жатыр. Синоптиктер ақпан айы жауын-шашынды болатынын болжап отыр. Ылғал көлемі қалыпты мөлшерден жоғары болады. «Бұл су тасқыны жағдайына әкелуі мүмкін», – дейді мамандар.
Оксана Овсянникова, «Қазгидромет» орталығы ПФ метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы:
- Барлық ақпарат жиналып, талданғаннан кейін ғана гидрологиялық болжам жасалады. Ол қазіргі алынып жатқан мәліметтер негізінде құрылады. Біз облыс аумағындағы ылғал көрсеткіші бойынша анықтама-кеңес береміз.
Төтенше жағдайлар қызметі жеке құрам мен техниканың әзірлігін тексеріп шықты. Кешенді жоспар жасап, барлық қызметтер үйлесімді жұмыс атқарғанда ғана су тасқынының алдын алып, қауіпті сейілтуге мүмкіндік молаяды. Тараптар былтырғы жағдай қайталанбайды деген сенімде.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Даулет Кошкарбаев, Марат Игіликов.