Ұлытау облысында 12 жылыту пункті 400 адамды қабылдауға дайын
Ұлытау облысында 12 жылыту пункті қар құрсауында қалған жолаушыларды қабылдауға дайын, деп хабарлайды 24KZ. Күн суытқалы 18 адам бекеттердің қызметіне жүгінген. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, пункттерде көмек көрсету үшін қажет нәрсенің бәрі бар.
Өңірде күн райы құбылып тұр. Өткен аптада жауған мұздақ соңы боранға айналып, көлік жолдарында қозғалыс қиындады. Осыған орай төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Республикалық маңызға ие жолдар түгел бақылауға алынды.
Облыста қарлы боран мен аязды күндері жолда қалған жолаушыларды жылытатын 12 бекет ашылған. Оның 9-ы жол бойында орналасқан.
Біржан Совет, ТЖД басқарма бастығы:
- Биылдыққа біз жылыту пунктін бір ақ рет қолдандық. Ол жерде шетелден қабылдағанбыз осы таяуда. Ресей мемлекетінен 18 адам қабылдадық. Жалпы облыстың бәрін қосқанда 400 адамды қабылдай аламыз 12 жылыту пунктісіне.
Қаңтардың 1-інен бастап Төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел штаб құрылды. Мұнда азаматтық қорғау қызметі мамандары тәулік бойы кезекшілік етеді. Аудан-ауылдармен байланыста болып, қажет кезінде жедел әрекет етуге дайын. Құтқарушылармен қатар жол қызметі де күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
Айболат Айбек, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ОФ бөлім басшысы:
- 21 қаңтардан бастап қарлы боран соғып, ауа райының бұзылуына байланысты 24/7 тәулік бойы жұмыс жүріп жатыр. Қазіргі таңда 24 техника, 44 адам күші жұмылдырылды. Жолдар ашылды, барлық бағытқа «проезд» берілді.
Жалпы қыс түскелі өңірде 90-ға жуық дауылды ескерту жарияланып, күрежолдар 25 рет жабылды. «Қазгидромет» болжамы бойынша облыста қаңтардың 25-іне дейін қарлы боран болады. Осыған орай құтқарушылар тұрғындарға алыс сапарға шықпауды ескертеді
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов.