ШҚО-да 50 жылда болмаған аномальды күн райы тіркелді
Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан ауданында сынап бағанасы 5 градусқа дейін көтерілді. Осылайша өлкеде соңғы 50 жылда болмаған аномальды күн райы тіркелді. Дегенмен климат әп-сәтте өзгеруі мүмкін. Өйткені «алдағы күндері қатты аяз болады» деген болжам бар. Демек тоң жүріп кетсе, жағдай лезде ушығуы ықтимал. Сондықтан қазір өлкеде қауіп жоғары аймақтарға барлау жүргізіліп, тасқынның алдын алуға бағытталған дайындық күшейтілген.
Биыл ел шығысында 64 шақырымға жуық бөгет қалыпқа келтірілді. Сонымен қатар 19 шақырымнан астам өзен арнасы тазартылды. Дегенмен қауіпті кезеңнен аман өту үшін жайбарақат отыратын уақыт емес. Сондықтан қазір жергілікті әкімдіктен бастап, барлық жауапты құрылымдар дайындықтарын пысықтап жатыр.
Қазір ауыл аймақты әуеден барлау жиіледі. Өйтпеске амал да жоқ. Зайсанда қаңтардың ортасында сынап бағанасы күрт жоғарылап, қауіптің қаншалықты күшті әрі жақын екенін меңзегендей. Мұндай аномальды күн райы соңғы рет 1975 жылы тіркеліпті. Климаттағы күрт өзгеріс жерасты суының көтерілуіне түрткі болуы мүмкін. Ауылдар аман болғанымен, бірнеше күн бұрын Омбы-Майқапшағай автожолының жиегіне су жиналған жағдай тіркелді.
Мейіржан Иманжанов, инженер-гидротехник:
- Биылғы жыл ерекше жыл болып тұр, ел де айтып жатыр ғой, 50 жылда мұндай қыс болған жоқ деп, сол себепті былтырғы қардың жерасты суы бар, бәрі қосылып, шығын жер бетіне шығып... Осындай жағдайымыз.
Облыс әкімі бастаған жауапты мамандар жолдағы су өткізу құбырларының бәрін қарап шықты. Олардың кейбірі тазаланып, ашық болғанымен, әлі техника жете қоймағандары да бар.
Ермек Көшербаев, ШҚО әкімі:
- Суды қалай кетіреміз, соны қарастыру керек, суды кетіретін кәдімгідей транзитті жіберетін жолды қазірден дайындау керек.
Жалпы аймақта әу баста тасқын қауіпі жоғары 70 елді мекен болса, соңғы жылдары бұл тізім біршама азайды. Алдын алу шаралары арқасында 15 ауылда қатер толық жойылып, тағы 50 шақтысында мейлінше төмендетілді.
Аяулым Кекиева, ШҚО ТЖД басқармасының аға инженері:
- Қажеті инертті материалдар мөшек-қаптар әзірленіп, қажетті күшпен құралдар топтастырылды. Жалпы облыс аумағында су тасқыны жағдайы қалыпты. Өзендерде су деңгейі төмен.
Өңірде соңғы апталарда күн райы құбылып тұр. Қар толастамай, арасында жаңбыр да жауды. Алда қатты аяз болады деген де болжам бар. «Ендеше тасқынға тас-түйін дайын отырудың маңызы зор», – дейді мамандар. Сондықтан алдағы күндері ең қауіпті учаскелердің картасы әзірленеді.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин.