Ақмолалық қорықшылар жануарларды қолдан қоректендіріп жатыр

Ақмолалық қорықшылар жабайы жануарларды қолдан қоректендіреді, деп хабарлайды 24kz.

Қазір өңірдің 130-дан астам аңшылық шаруашылығы қысқы жемдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Түз тағыларына қажетті азық қалай жеткізіледі?

Аслан Әбутәліпов, тілші:

- Жабайы жануарларды қысқы азықтандыруға Көкшетау ұлттық паркінің Зеренді филиалы тыңғылықты дайындалған. Қорықшылар 250 мыңға жуық қайың жапырақтарын, 100 тоннадан астам жем әзірлеп қойды. Азық айына үш рет арнайы техникамен орманға жеткізіледі.

Валерий Карелин, «Көкшетау» МҰТП Зеренді филиалының мемлекеттік инспекторы:

- Кейде ауа райы күрт бұзылып, аяз күшейеді. Мұндай кезеңде азықты орманға жиі жеткіземіз. Бір рет шамамен 3,5 мың тонна жапырақ, 3 тонна жем, кейде қосымша тұз бен шөп апарамыз. Шөпті арнайы алаңқайлардың жанына алдын ала дайындап қоямыз.

Зеренді филиалының аумағында 1000 бастан астам бұғы, қабан, елік пен марал мекендейді. Филиалдың бас аңшысы Алексей Лидің айтуынша, қолдан қоректендіру жануарлардың қыстан аман шығуына және басқа аймақтарға көшіп кетпеуіне септігін тигізеді.

Алексей Ли, «Көкшетау» МҰТП Зеренді филиалының бас аңшысы:

- Біздің аумақта 45 жем салатын астаулар, екі қоректендіру алаңқайы және азық сақтайтын төрт қойма бар. Қоректендіру алаңқайлары жануарлардың шоғырлануына байланысты әртүрлі қашықтықта орналасқан. Қазір ауа райы қолайлы болып тұр. Қар аз, аяз жоқ. Жануарлар жем салғыштарға көп келмейді. Өз азығын қар астынан тауып жүр.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының мәліметінше, жабайы жануарларды азықтандырумен қатар қауіпсіздігін қорғау қажет. Сондықтан өңірде кезікшілік ұйымдастырылып, заңсыз аң аулауға қарсы рейдтер жүргізіліп жатыр.

Динали Айтқожин, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Біздің мониторинг бойынша жабайы жануарлардың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Аң-құстардың қырылу дерегі тіркелген жоқ. Сонымен қатар инспекция, аңшылық шаруашылықтары және полицейлер жабайы жануарларды қорғау үшін браконьерлікке қарсы рейдтерді тұрақты түрде жүргізіп келеді.

Жалпы жыл басынан бері екі өңір тұрғыны жабайы жануарларды заңсыз аулағаны үшін сотталды. Одан бөлек, браконьерлікке қатысты жеті қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Авторлары: Аслан Әбутәліпов, Виктор Полянный