Елорда тұрғыны 15 тазы баптап отыр

Тазы жүгіртіп, құс салу – бабадан балаға жеткен ұлы өнер. Бүгінде асыл өнеріміз ұлықталып, қазақ тазысы ресми түрде патенттелді, деп хабарлайды 24kz.

Бұрын иттің бұл түрін тек аңшылықта көретінбіз. Қазір тазылар шырға тарту жарыстарында, сәндікке арналған көрмелерде көзге түседі. Алыс аймақ түгілі, Астананың өзіңде тазы баптайтындар көбейіп келеді.

Әлішер Әли, тілші:

- Есте жоқ ескі заманнан бері саятшылық құрған қазақтың сенімді серігі – тазының қадірі артып, қатары көбейіп келеді. Асыл қазынамыздың ілгерлеуіне үлес қосып жүрген азаматтар да жетерлік. Солардың бірі елорда тұрғыны Мейрам Қосманұлы. Бүгінде итбегі елорда іргесінде 15 тазыны баптап отыр.

Мейрам Қосманұлы, итбегі:

- Өзім бала кезімде тазы ұстағам. Мектепте оқығанда өзі ес білгелі тазы болды, атамда тазы болды. Әскерге кеткенше тазы ұстадым ат міндім. Әскерден келіп, Астанаға көшіп келген соң кішкене үзіліс болды. Біраз жылдар. 2-3жылдай болып қалды тазы ұстап жатқаныма. Күніне 15-20 кг ет жейді. Ішек-қарын бар, ет бар. Серуендеуге машинамен сыртқа шығарып тұрамын, күнде, күнара шығарып тұрамын.

Әлішер Әли, тілші:

- Бұл 15 тазының алды болып жүргені – Ақтабан атты тазы. 2 қар басқан. Бір қыстың өзінде 10-нан аса қоянды қағып түсірген. Тіпті қара жерде елікке жеткен.

Мейрам Қосманұлы, итбегі:

- Осыдан екі үш жылдай бұрын табиғи аңшылыққа шығып жүрміз. Далаға қоян, елік, қарсақ дегендерге. Осы биылдан бастап шырға жарысына дайындап жатырмыз ттазыларды. Бір екі үлкен тазы бар. 3-4 күшіктер бар дегендей. Соның бәрін дайындап, Алла қаласа, енді жарысқа барамыз. Осы 1-інде болады. Жаңаарқа ауданында Қарағанды облысында. Соған дайындалып жатырмыз.

Иә, кейінгі жылдары итбегілер тазыларын шырға тартуға баули бастады. Құмайлардың жүйріктігі сыналатын сайыс жылдан жылға қарқын алып келеді. Мәселен былтыр ел чемпионаты іспеттес «Асыл қазына» сайысы өтті. Ең жүйрік тазы болып Нұрлыбек Серікұлының Айқасы танылды.

Нұрлыбек Серікұлы, «Асыл қазына-2024» тазылар жарысының жеңімпазы:

- 2020 жылы Қызылорда облысы Арал қаласынан Талғат есімді досымнан алғанмын. Осы Астанаға жұмыс барысымен ауысып келіп, тазымды бірге ертіп әкеліп, содан 2023 жылдан наурыз мерекесі қарсаңында өткен шырға тарту сайысынан 3-орынмен бастап, содан қыркүйек айында ұйымдастырылған шырға тарту жарысынан 2-орын алдық. «Асыл қазына-2024» сайысынан іріктеуден өтіп, Асыл қазына федерациясының ұйымдастырылуымен өткен сайыста 13 ақпан күні  I орын алдық.

Итбегілер келер айда Қарағанды облысында өтетін шырға тарту жарысына қатысуға ден қойып отыр. Мейрам алғаш қар басқан күшіктерін сынап көрмек, Ал, Нұрлыбек былтырғы ел чемпионы Айқастың биылғы қарқынын тамашаламақ.

Көршілерге қолайсыздық танытпас үшін итбегі иттерін аптасына 3 рет қала сыртына серуенге шығарып тұрады. Бүгін Мейрам Қосманұлы кезекті сапарына кетіп барады.