Энергетика мен коммуналдық сектордағы отандық өнім үлесі артады

Үкімет 2029 жылға дейін энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртудағы отандық тауарлардың үлесін 60%-ке дейін жеткізуді межелеп отыр.

Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков мәлімдеді. Алдағы 5 жылда еліміз осы мақсатқа шамамен 4,5 трлн теңге бағыттайды. Қазірдің өзінде 187 қазақстандық кәсіпорын 711 тауар түрін жеткізуге дайын. Бұл шамамен 3,5 трлн теңгеге пара-пар.

Атап айтсақ, темір-бетон бұйымдарына, полиэтилен құбырларына, қазандықтарға, трансформаторларға, кабельдік өнімдерге және басқа да негізгі тауарларға қажеттілік толық жабылды. Алайда елде электр қозғалтқыш, жоғары қысымды қазандық құбыр және өлшеу құралы сияқты 337 өнім түрі өндірілмейді. Бұл мәселені шешу үшін инвесторлар тартылып, өндірушілермен ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттар жасалады.