Алматыда Digital Almaty 2025 халықаралық форумы өтеді

31 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Алматыда халықаралық цифрлық форум өтеді, деп хабарлайды 24kz.

Оған Еуразиялық экономикалық Одақ елдерінің Үкімет басшылары, сарапшылар, жер қойнауын пайдаланушылар, бизнес және ІТ-индустрия өкілдері жиналады. Спикерлер жасанды интеллект саласын жетілдіру бойынша өз тәжірибесімен бөліседі. Жиынға барлығы 40 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде. Форум аясында ірі инновациялық жобалар таныстырылады. Ауқымды шара жеке инвестиция есебінен ұйымдастырылып жатыр.

Ғиззат Байтұрсынов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің комитет төрағасы:

- Биыл іскерлік бағдарлама және көрме ЖИ-ге бағытталған. Яғни, ЖИ саласындағы бастамаларды іске асыру және экономиканың нақты секторын, атап айтқанда, өндіруші өнеркәсіпті цифрландыру. Мемлекет басшысы бізге ЖИ әлеуетін пайдалана отырып, білім экономикасына сапалы серпіліс жасау міндетін қойды.