Жол салуға бөлінген ₸11 млрд талан-таражға салынған
Жол құрылысы саласында жоспарлаудан бастап, жұмыстарды қабылдауға дейін 1200 сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді.
Қара жолдың құрылысына бөлінген 11 млрд теңге талан-таражға салынған. Бұл жобалар қағаз жүзінде тексерілгендіктен, құжаттарда құрылысқа жұмсалатын қаржы еселеніп көрсетіліп келген. Осындай айла-тәсіл қолданған 600-ге жуық дерек әшкереленді. Мұндай заңсыздықты болдырмас үшін Антикор көлік министрлігіне 100-ге жуық ұсыныс жіберген. Сондай-ақ елде тәуелсіз сарапшылар мен еріктілердің қатысуымен аймақтардағы жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының мониторингі жалғасып жатыр. 2024 жылы 258 нысанның 119-ы пайдалануға берілді. 1,8 мың шақырымды құрайтын жолдарда ақаулардың 95%-і жойылды.