Жоғары Сот Кеңесі судьялардың 87 бос лауазымына конкурс жариялады
Жоғары Сот Кеңесі жаңадан құрылған кассациялық соттар судьяларының бос лауазымдарына конкурс жариялады, деп хабарлайды 24KZ. Былтыр желтоқсанда Президент Жарлығымен Астана қаласында 3 кассациялық сот құрылды. Олар азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша жұмысын биыл 1 шілдеден бастайды.
Осыған орай Жоғары Сот Кеңесі судьялардың 87 бос лауазымына конкурс жариялады. Конкурсқа қатысушылар құжаттарды 12 ақпанға дейін Жоғары Сот Кеңесіне ұсыну қажет.
Лаура Құрмантаева, Жоғары Сот Кеңесі хатшысының - аппарат басшысының м.а.:
- Жоғары Сот Кеңесі судьялардың 87 бос лауазымына конкурс жариялады: Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот 39 орын; Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот 29 орын; Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот 19 орын. Конкурсқа қатысушыларға қойылатын талаптар, ол 18 жыл заң өтілі бар немесе 8 жыл судьялық өкілі бар. Оның ішінде 3 облыстық сотта істеген азаматтар қатыса алады. Конкурсқа қатысу үшін құжаттар тізбесі Кеңестің ресми сайтында орналастырылды.