Кітаптарды цифрландыру ісінде мәселе көп

Бүгінде Ұлттық академиялық кітапхана қорында 1,5 млн кітап сақталған, деп хабарлайды 24KZ. Бір шығарманың бірнеше данасы бар. Осы туындылардың қазір тек 1003-і ғана цифрлық форматқа көшірілген екен. Арасында араб, парсы, татар, шағатай мен өзге де тілдерде жазылған құнды шығармалар да кездеседі. «Бұл істі жылдамдату үшін материалдық-техникалық базаны жаңарту қажет», – дейді мамандар. Оның үстіне авторлық құқық мәселесі де тығырыққа тіреп тұр.

Кітаптарды цифрлық форматқа көшіру. Бұл жұмыс табандылық пен бірнеше сағатты талап етеді. Мәселен, мұқабасы қалың, парақтары кірленгендері болса, сканерден өткізу мен оны өңдеуге ұзақ уақыт кетуі мүмкін.

Нұржан Жолдыбалинов, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысының орынбасары:

- Бізде кітаптардың барлығы цифрлық форматқа әлі ауысқан жоқ. Себебі біз 2007 жылдан бастап, қазіргі таңда скан вариант жасап келе жатырмыз. Енді сол нұсқаны біз «оптическое разпознование текста», қазір жасанды инттеллект бар, сол арқылы осы жұмысты бастап жатырмыз. Бүкіл кітаптарды скан варианттан электрондық нұсқаға түсіруге.

Бұл жұмыста техникалық тұрғыдан көптеген қиындық бар. Яғни, қолда бар сканер кітаптарды кейін редакциялау мүмкіндігін беретіндей етіп электронды нұсқаға түсіре алмайды. Оны мамандар өзге қосымша арқылы жасайды. Бұл жерде көптеген әріптер оқылмай қалуы мүмкін. Сондықтан оны қайта қолмен теріп шығу қажет екен.

Нұржан Жолдыбалинов, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысының орынбасары:

- Қазіргі цифрлық скан вариантты тек қана сурет ретінде көре аласыз. Оны үлкейте аласыз, кішірейте аласыз. Бірақ керек сөздерді ол жерден көшіре алмайсыз. Оны сурет сияқты көресіз. Ал цифрлық нұсқа онда цитатаны өзіңе алуға болады. Шрифт бойынша көптеген қиындық бар. «Қ», «Ғ» әріптерін, мысалы. Одан кейін біз оны электрондық нұсқаға салып, кейін біз өзіміз редакция жасап, қайтадан сақтаймыз. Ол енді бір кітапты 1 жұма жасауы мүмкін.

Бұл мәселені шешудің бірінші жолы – ол кітапхананың материалдық-техникалық базасын жаңарту. Екіншісі – өзге баспалармен бір келісімге келіп, шығармалардың электрондық нұсқасын еш қиындықсыз алу.

Нұржан Жолдыбалинов, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысының орынбасары:

- Оның барлығын жасауға болады, авторлық құқықты сақтай отыра. Неге? Себебі әр баспаның өзінің, жаңа айтқандай, мысалы, бір кітаптар, автор келіп, сол баспа арқылы шығарды. Кейбір кітаптардың авторлық құқықтары сол баспада қалады. 1 жыл, 3 жыл. Сол кезде біз ол кітаптарды электрондық нұсқаға түсіре алмаймыз.

Айта кету керек, бүгінде қолданыстағы заң автордың келісімі болмаса немесе бұл шығарма қоғамның меншігіне айналмайынша оны электрондық нұсқада жариялауға тыйым салады. Ал егер меншік иесі өмірден озып кетсе, онда оның шығармасы тек 70 жылдан кейін ғана қоғамның меншігіне айналады. Яғни сол кезде цифрлық форматқа ауыстыруға рұқсат беріледі.

Әлия Қожабекова, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы басшысының орынбасары:

- Бұл тұрғыда көптеген елдерде кітапхана жағына қарай жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, Ресейде белгілі бір кітап 10 жылдан астам уақыт бойы шығарылмаса, онда автордың рұқсатынсыз электронды форматқа көшіріп, қайта басып шығаруға болады.

Мамандардың сөзінше, кітапхана ісі туралы жаңа заң қажет. Яғни барлық кітапханаларға арналған ортақ стандарт құрып, автоматтандырылған базаны енгізу керек.

Әлия Қожабекова, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы басшысының орынбасары:

- Қазір кітапханалардың автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру мәселелері қаралып жатыр. Оның тиімділігі неде? Бұл жүйе арқылы біз бір жұмысты екі қайта жасамаймыз. Яғни аудандық немесе облыстық кітапханаға құжат келіп түседі. Олар оны зерттеп, өңдеп, электронды нұсқасын өз каталогтарына қосады. Дәл осы істі республикалық кітапханалар да атқарады. Осылай барлығымызда ортақ база қалыптасады. Бұл оқырмандар үшін де қолайлы. Керек кітабын сол ортақ базадан іздеп таба алады. Бұрынғыдай барлық кітапханаларды шарлаудың қажеттілігі болмайды.

Авторлары: Риат Шони, Диас Қобыланбаев.