Елімізде тәлімгерлік институттың ролі күшейтіледі
Елімізде тәлімгерлік институттың ролі күшейтіледі.
Сенат бүгін тиісті заңды мақұлдады. Сондай-ақ сенаторлар тәлімгерлік мәселелерімен бірге мәдениет және білім бойынша заңнамаға енгізілген түзетулерді қарады. Мәселен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгерлік ететін адамдарды оқыту қажеттігі айтылды. Заңда оларды дайындайтын ұйымдардың міндеттері де жазылады. "Тәлімгерлік ұйымы" ұғымы ресми түрде енгізілді. Сонымен қатар құжатта білімді балаларды ынталандыруға қатысты түзету енгізілді. Дарынды оқушылар «Болашақ» бағдарламасымен оқитын болады. Сондай-ақ елімізде қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры құрылмақ. Қазақ тіліндегі мәтіндерді өңдеп, талдайтын жасанды нейрондық желіде сөздік қор мол сақталады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қаралған заң тәлімгерлік институтының рөлін күшейтуді, сондай-ақ білім және мәдениет саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейді. Заң арқылы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгер болуға ниетті адамдарды оқытатын арнайы ұйымдардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері бекітілді. Түзетулердің бір топтамасы цифрлық ортада қазақ тілінің әлеуетін одан әрі арттыруға арналған ережелерді қамтиды. Сонымен қатар халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда жеңіске жеткен дарынды оқушыларға «Болашақ» бағдарламасы арқылы үздік шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігі қарастырылды.