Жасанды интеллект: фильм түсіретін қосымша шықты
Жасанды интеллектті айтқанда, көпшілігіміз оның таяу арада өмірімізге еніп кетеніне сенбегеніміз рас.
Алайда айтып ауыз жиғанша, нейро желінің жемісін қазірдің өзінде там-тұмдап көріп жатырмыз. Әлеуметтік желіде Жасанды интеллектінің көмегімен жасалған суреттерден көз сүрінеді. Шын-өтірігі қайсы, ажырату өте қиын. Сурет былай тұрсын, жасанды инллектімен бүтін бір фильм түсіруге де болады екен. Сонда сан жыл оқып -тоқыған оператор, режиссер, тіпті актерлер де керек болмай қалуы мүмкін, - дейді мамандар. Қызық, иә?!
Назерке Тоқжан, тілші:
- Көп ұзамай, мынадай күрделі фильмдердерді бір адам ғана түсіре алатындай мүмкіндік туады. Себебі жасанды интеллекті көп адамның жұмысын бір өзі атқара алады. Қолыңыздағы дайын сценарий көркем телетуындыға айналуы әп-сәтте.
Нейрожелінің мүмкіндіктерін жіті зерттеп жүргендердің бірі Ерзат Дулат. Ол әп-сәтте мәтінді бейнеге айналдыратын қосымша ойлап тапты. Жас өнертапқыш бұл жобаны 1 жыл ішінде жасап шыққан. Қазір Ерзаттың бұл туындысына шетелдің азуын айға білеген айти компаниялары қызығып отыр. Жас жігіт жасанды интелектінің көмегімен әлемдік кино саласын дүр сілкіндіруді қалайды.
Ерзат Дулат, өнертапқыш:
- Біз машиналық оқытуға негізделген моделдер құрастырамыз. Бұл ауқымды нейрожелілер мәтін мазмұнына сай бейне жасайды. Мәселен, егер сіз мультфильм, фильм немесе бейнебаян түсіргіңіз келсе, продакшн құрып, ол үшін оператор, режиссер сынды арнайы мамандарды жалдаудың қажеті жоқ. Оның орнына біз ойлап тапқан "Реал Мэджик" атты қосымшаны қолдансаңыз болады. Ол қолыңыздағы сценарийіңге сай сізге керек контентті жасап береді.
Айти салаға қызығушылығы ерте оянған Ерзаттың қадамы нық. Ол көп жылғы ізденісін өзгелермен бөлісіп, өзі секілді озық ойлы жастардың шоғырын қалыптастырды. Қазір ол құрған компанияда жиырмадан астам білімді һәм білікті маман жұмыс істейді. Дені - халықаралық физика және математика олимпиадаларының жеңімпаздары. Еліміздің әр өңірінен жиылған қиялы ұшқыр жастар бұған дейін де ұялы телефонға арналған қосымшалар ойлап тапқан. Оларға шетелден 16 млн ақш доллары шамасында инвестиция тартты.
Ален Баев, өнертапқыш:
- Жасанды интеллектінің көмегімен бейнекөріністер жасап, ешкімді таңқалдыра алмайсыз, бізді толғандырған мәселе: бұл шынайы түсірілімдерді алмастыра ала ма? Менің ойымша біз бұл сұраққа 2025 жылдың аяғында нақты жауап ала аламыз. Десе де осы саладағы сарапшылар алдағы 3 жылда көгілдір экраннан көрсетілетін бейнекөріністердің басым бөлігі жасанды интелектінің жемісі болады деп нық сеніммен айтып отыр.
Қазақстандық өнераптқыштарды аттай қалап, қыруар қаржы төлеуге құлықты кәсіпкерлер аз емес. Алайда, бұл жігіттер шетел асуды емес, Қазақстанда еңбек етуді таңдаған.
Ерзат Дулат, өнертапқыш:
- Біз нейрондық желімен жұмыс істеу үшін өте күрделі инфрақұрылым жасақтадық. Ол үшін машиналық оқыту саласында терең ізденіс пен көптеген зерттеулер керек. Әлемде мұндай күрделі операцияларды атқарып отырған компаниялар санаулы. Дені Америкадағы Майкрософт, Гугл, Опен ай секілді алпауыттар. Ал біз Қазақстанда дәл осындай бірегей технологиялық инновациялар алаңын құрдық.
Қазіргі уақытта компанияның өнімдерін қолданушылар саны күн санап артуда. Табанды еңбек пен болашаққа деген сенімнің арқасында ұйым қысқа уақыт ішінде әлемдік рейтингтің топ-25-ін бағындырып үлгерді.
Назерке Тоқжан, Марат Диханбаев