Павлодарда жылы аялдамалардың сапасы сын көтермейді

Павлодарда жылы аялдама павильондарының жұмысы көңіл көншітпейді, деп хабарлайды 24KZ. Ыстық пен суықта пана болады деп салынған нысандардың кейбірі кешкі уақытта жабылып қалады. Ашық тұрғандары жылытылмайды. Тіпті ішкілікке үйір адамдардың тұрақты орнына айналғандары да бар.

Автобуста контролер болып жұмыс істейтін Гүлзат Әділшина қаладағы барлық аялдамалардың жайын жақсы біледі. Жылы аялдама павильондары әсіресе өзі сияқты қоғамдық көліктерде жол ақысын тексеретін әріптестері үшін маңызды екен. «Аязды күндері бір сәт аялдап, жылынып алуға қолайлы», – дейді ол.  Алайда бәрі бірдей талапқа сай келмейді.

Гүлзат Әділшина, контролер:

- Жылы аялдамалар жылы емес, салқын. Күн жылыда ашық тұрады есігі, қалай аяз түседі – есігі жабық. ЦУМ-дағы аялдама да күндіз мұздай, жылу қоспайды ішіне, ал кешкі 6-дан кейін жауып тастайды кілтке. Естайдағы өзі айналасы бір-ақ аялдама. Оның ішіне кіру мүмкін емес. Ішінде мас адамдар ұйықтап жатады. Мен өзім сол жақта жүргенде ол алқаштарды қуып шығамын.

Бұл Гүлзат Әділшина айтқан Естай көшесіндегі аялдама. Қоғамдық көлік күткен адамдар ішке кіруге жиіркенеді. Аялдама шынында да ішкілікке үйір  адамдардың тұрақты мекеніне айналғандай.

Қалима Селембаева, қала тұрғыны:

- Біздің аялдамалар мұндай күйде болмауы керек. Біз эмиратта емес, солтүстікте тұрамыз. Эмираттың өзінде кондиционер қосылған жылы аялдамалар бар. Менің ойымша, аялдамалардың бәрін ауыстыру керек. Біресе шыныдан жасайды, енді, міне, қаңылтырмен қаптап қойған. Кім ойлап тапқанын білмеймін.

Облыс орталығында жылы аялдамалар баршылық. Дәл қазір халықты олардың саны емес сапасы алаңдатады. Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары: «Жағдай бақылауда», – дейді.

Айнұр Cәдуақасова, Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Өткен жылдың аяғында орнатылған үш аялдама осы жуырда ғана пайдалануға берілді. Олар Малайсары батыр, Торайғыров және Қамзин көшелерінің бойында  орналасқан. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары тұрақты мониторинг негізінде тексеру жүргізіп жатыр. Біз үшін олардың ашық әрі таза болғаны маңызды.

Жылы аялдамалар – қоғамдық көлік күтіп тұрған адамдарға қорған болатын жалғыз орын. Павлодар қаласы бойынша олардың саны 12-ге жеткен. Төртеуі кәсіпкерлердің жеке қаражатына, қалғаны бюджет есебінен салынған.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.